«Күлтегін» және «Гумилев» стипендияларының иегерлері анықталды

Oinet.kz 24-12-2022 420

4 шетелдік студент Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» және «Гумилев» стипендиясы иегерлері атанды. Оларды бакалавриатта және магистратурада оқитын жастар иеленді. Олардың арасында өзге мемлекеттерден келген қандастарымыз да бар. Аталмыш стипендия ақылы бөлімде оқитын шетелдік студенттерге университет тарапынан тұңғыш рет беріліп отыр.

Screenshot_1.jpg

2022 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Күлтегін» және «Гумилев» стипендияларын жеке қаражаты есебінен шетелдік азаматтарға бөлді. Оны иеленген жастарға тегін білім алу, жатақханада тұру мүмкіндігі ұсынылады және ай сайынғы стипендия төленеді.

«Еуразия ұлттық университеті кәсіби білікті кадрлар даярлауды басты назарында ұстайды. Білім ордасында жыл өткен сайын шетелдік студенттердің саны артып келеді. Бұл ЕҰУ-дың әлемдік деңгейдегі талаптарға сай екенін көрсетеді. Бүгінгі таңда университетте 20 мыңға жуық студент оқиды, оның ішінде әлемнің 28 елінен 1000-нан астам шетелдік азамат білім алуда. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттерімізді ынталандыру мақсатында университет тарапынан осындай шәкіртақы беруді қолға алдық», - деп атап өтті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

40-тан астам шетелдік студент ЕҰУ-нің «Күлтегін» және «Гумилев» стипендияларын иеленуге ниет білдірді. Бірінші кезеңде оқу үлгерімі, мотивациялық және ұсыныс хаты, ғылыми іс-шараларға қатысу тәрізді критерийлер негізінде 14 жас іріктелді. Стипендия иегерлері жалпы ұпайларды есептеу негізінде конкурстық комиссияның жабық дауыс беруі арқылы анықталды. Олардың арасында шетелден келген қандастарымыз да бар. Баян Мұқият Еуразия ұлттық университетіне Қытайдн келді. Нәзік жан ЕҰУ кездейсоқ таңдамаған. Қазақстанның жетекші университетіндегі білім сапасы көңілінен шығып, магистратураны ұлттық университет қабырғасында оқуды ұйғарған.

«Қытайдағы университетте бакалаврда білім алып жүргенде осы ЕҰУ-ға академиялық ұтқырлық бағдарламасымен келген едім. Сол уақытта университеттің білім сапасы жоғары екенін байқадым. Магистратураны осы білім ордасында жалғастырамын деп шешім қабылдадым. 1-ші семестр ақылы бөлімде оқыдым. Енді «Гумилев» шәкіртақысының арқасында тегін білім алумен қатар, стипендия да берілетіні қуантады. Университетке осындай мүмкіндік үшін алғыс білдіремін» -деді ЕҰУ филология факультетінің магистранты Баян Мұқият.

«Күлтегін» стипендиясына Румыния мемлекетінің азаматы, ЕҰУ халықаралық қатынастар факультетінің студенті Нику Флорин-Мэдэлин және Қырғызстан азаматы, ЕҰУ заң факультетінің студенті Рамазан Қасымов ие болды. «Гумилев» стипендиясына Қытай Халық Республикасынан келген, филология факультетінде білім алатын магистранттар Әлия Жеңіс пен Баян Мұқият дайық танылды.

Бүгінде ЕҰУ-да Германия, Әзірбайжан, Вьетнам, Грузия, Қырғызстан, Түркия, Тәжікстан, Румыния және басқа ел азаматтары білім алуда. Шетел азаматтары бакалавриатта, магистратурада және докторантурада, «WELCOME to ENU» академиялық ұтқырлық және қос диплом бағдарламалары бойынша, сондай-ақ дайындық бөлімінде оқиды.

Ақтөбеде 9-шы сынып оқушысын 11-шы сыныптар ұрып өлтірді
Пәтер сатушылар қандай кемшіліктерді жасыруы мүмкін?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу