«Тірі кезінде Гитлермен бір тізімге енгізу керек еді» - Иран телеарналары
Жақында ғана өмірден озған Елизавета патшайымды Иран телеарналарында "адамзат тарихындағы ең қауіпті қылмыскерлердің бірі" деп атап, Адольф Гитлермен салыстырды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі The Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Әлем қазір тарихтағы ұлы тұлғалардың бірі қаза тапқанын өкінішпен жазып жатқанда, Иран арналары мұны “жақсы жаңалық” деп мәлімдеді. Журналистер Елизаветаның қазасы – авторитарлық режимнің нүктесі” және "қылмыс пен жасырын әрекеттердің аяғы" деп жар салды.
Иранның Сыртқы істер министрлігі Елизавета патшайымының қайтыс болуына немесе Чарльз III-дің билікке келуіне қатысты түсініктеме берген жоқ , ал мемлекеттік телеарналар оның құйтырқы әрекеттері туралы пікірлер таратуда.
Иранның 1-арнасында Тегеран университетінің ғалымы Фоад Изадиде пікір білдірді.
“Патшайымды тірі кезінде Гитлермен бір тізімге енгізу керек еді. Бұл адамның дүниеден озуы біз үшін қайғылы жағдай, өйткені ол сотсыз, жазасыз, қылмыстарына жауап бермей кетіп қалды" – деді ол.
Ағылшын тілді мемлекеттік арна PressTV-де патшайымды әйгілі империалист, колонизатор, әскери қылмыскер, агрессор деп атады.
"Өлтірілгендердің саны миллионға жетеді, ал олардың обалы патшайымның мойнында. Осы заманның зұлымына әділеттілік заңы орын алмады" – делінген бағдарламалардың бірінде.
Ирандықтардың көпшілігі Елизаветаны 1953 жылы тамызда болған оқиғадан кейін жақтырмайды. Өйткені британ және америкалық арнайы қызметі премьер-министр Мохаммад Мосаддыкты тақтан тайдыру үшін шабуылдаған.
"Патшайым Елизавета II доктор Мосаддыктың үкіметін құлатқан төңкерісті ұйымдастырғандардың бірі болды", — деп еске алады Иран тұрғындарының бірі.