«Дүрбелең жалғасады»: Ербол Қарашөкеев
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қант бағасы күзге қарай түсуі мүмкін екенін айтты. Бірақ ол үшін әкімдіктер өнімді тұрақтандыру қоры арқылы өзіндік құнынан арзанға сату тәжірибесін доғаруы керек дейді министр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Ресей Федерациясының болжамынша, қыркүйектен бастап қант экспорты ашылмақ. Өйткені биыл қызылша шығымы да қажетті деңгейде болады деген жоспар бар. Сондықтан шілде, тамыз айларында қант бағасы жоғары болатын шығар. Одан кейін біртіндеп баға түсіп, нарықтағы ахуал қалыпқа келеді деп ойлаймын", – деді Ербол Қарашөкеев.
Министрдің сөзінше, болжам орындалуы үшін жергілікті әкімдіктер нарықты сауатты реттеуі керек.
"Қазіргі ұзын-сонар кезек пен дүрбелеңнің бәрі арзан қанттың айналасында туындап отыр. Тіпті қыркүйек айында да қантты сырттан әкеліп, азғантай бөлігін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуды жалғастырсақ, дүрбелең де жалғасады. Сондықтан қантты өзіндік құнынан арзанға сатып, дүрбелең туғызуды тоқтатқан кезде мәселе бірден шешімін табады. Шілде айында елге әкелінетін, зауыт шығаратын қанттың көлемін есепке алсақ, айлық қажеттілікті 150%-ға жабамыз. Тамызда бұл көрсеткіш 170%-ға дейін жетеді", – деді министр.