32 жастағы азамат 2 дәрежелі мүгедек зейнеткерді зорлады
Алматы облысында 32 жастағы азамат өзінен 30 жас үлкен мүгедектігі бар зейнеткерді зорлаған, деп хабарлайды Алматы арнасы.
63 жастағы зейнеткер қайғылы түнді қорқынышпен, көзіне жас алып еске алды. Жәбірленушінің айтуынша, оның екінші дәрежелі мүгедектігі бар. Өзі әрең әрең қозғалады.
Оқиға Қарасай ауданындағы саяжайдың бірінде болыпты. Түнде арам ойын іске асыруға тырысқан күдікті басында есікті қағып, бейтаныс адамның атын сұрайды. Алайда зейнеткер танымайтынын айтып, кері қайтарады. Бірақ ол райынан қайтпай, ішке кірудің амалын қарастырады. Сөйтіп терезені сындырып, ішке кіріп, арам пиғылын іске асырады.
"Мен атып тұрдым. Маған қол көтермек болғанда үтікпен бір ұрдым. Содан ол мені сүйреп, жатын бөлмеге апарды. Мені қатты ұрып, талдырып, зорлады", – деді жәбірленуші.
Түрін көрсетпеуді өтінген жәбірленуші есімін де жасырды. Себебі ауданға танымал екен. Болған жайды бүкпесіз баяндап берген зейнеткер әбден шошып қалған.
"Мені өлтіреді деп қорықтым. Айтқанының бәрін істедім. Осыған қарамастан ойына келгенін істеді. Тіпті үйде зорлағаны аздай, шашымнан сүйреп моншаға апарды. Ол жерде де білгенін істеді. Баламдай азамат ар-намысымды аяққа таптады. Қолында бөтелкесі болған. Онымен қоймай бауыздап тастаймын деп қорқытты",- дейді облыс тұрғыны.
Бұдан соң ер адам зейнеткерді үйге кіргізеді. Сөйтіп шекесіндегі жарасын оратқан. Сол сәтте күдікті қалғып кетсе керек, жәбірленуші сыртқа қашып үлгеріпті. Дереу көршілерден көмек сұрап, оқиға орнына тәртіп сақшыларын шақыртқан.
"102 пультіне хабарлама түскен бетте жедел тергеу тобы бірден оқиға орнына жетті. Оқиға орнын қарап, тексеру барысында күдіктінің аяқ киімі, қол-саусақ іздері табылды. Сол арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, оны Қарасай аудандық полиция бөліміне жеткізіп, керекті тергеу амалдарын жүргіздік. Қазіргі таңда ҚР ҚК 120-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізіліп жатыр", – деді Қарасай аудандық ПБ тергеу бөлімінің тергеушісі Жансая Серікқызы.