Жетісу облысында жолаушылар автобусы аударылды: бірнеше адам мерт болды
Жетісу облысында Зайсан-Алматы бағытында келе жатқан жолаушылар автобусы аударылып, бір адам мерт болды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тағы үш адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Көлік апаты Алматы-Өскемен тас жолының 396-шақырымында болған.
Әлеуметтік желіде Алматы – Өскемен тасжолында болған жол апатының видеосы жарияланды. Қараңғыда түсірілген видеодан бірнеше жедел жәрдем көлігін, бір бүйіріне аударылған автобусты және он шақты адамның жолда тұрғанын көруге болады.
"Маусымның 11-інен 12-сіне қараған түні Ақсу ауданы Тарас ауылының маңында жолаушылар автобусы аударылды. Алдын ала болжам бойынша, "Setra" автобусының 50 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Көлік Зайсан қаласынан Алматыға қарай келе жатқан. Оқиға орнында 66 жастағы әйел мерт болды, тағы үш адам зардап шегіп, ауруханаға түсті. Жарақат алғандардың ішінде 7 жастағы қыз бала бар", - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қазір аталған жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-тармағына сәйкес тергеу жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалған.
Видео сілтеме: stan.kz