AMANAT: Мәжіліс депутатының Сарыағаштағы жұмыс сапары жалғасып, ауыл халқымен кездесті
Конституциялық референдум өткізуге үш күн қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Бүгін бұл туралы Сарыағаш ауданының бірқатар ауыл округінің тұрғындарымен кездесуінде партия жанындағы республикалық штаб мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай мәлім етті.
Республикалық штаб мүшесі Ақжар ауылының тұрғындарына республика бойынша өткізілетін референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
- Президент Қасым- Жомарт Тоқаев «Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын» деген болатын. Референдумның ең негізгі мақсатын осы бір ауыз сөзбен түсіндіруге болады. Ойланатын дүние Президентіміз халыққа барынша мол бостандық беруді мақсат етіп отыр, - деді Дархан Қамзабекұлы.
1995 жылдан бері елімізде референдум өткізілген емес. 27 жылдан кейінгі референдумда конституцияның 33 бабына яғни үштен бір бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілмекші. Әсіресе, жер, оның қойнауы, оның қазыналары халықтың меншігі деген тұжырым жасалмақ. Осы және өзге де өзекті мәселелер Д.Мыңбайдың Қызылжар, Дарбаза ауыл окруктеріндегі және спорт саласының қызметкерлерімен кездесуінде кеңінен сөз болды.
- Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Сондықтан 5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орындауға тиіс. Себебі еліміздің болашағының дамуы тікелей осы референдумға байланысты болып отыр. Сол себепті ел үшін жаны ашитын әр азамат осы референдумға қатысу керек деп ойлаймын», - деді жиынды қорытқан Д. Мыңбай.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі