Cозақтық кәсіпкер көпбалалы анаға баспана табыс етті
Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы тұрғыны Гүлнара Жұманбаеваның бұған дейін өзінің жеке үйі болмаған. 4 бала тәрбиелеп өсіріп отырған ана пәтер жалдап тұрып келген. Бүгін есімін атамауды өтінген кәсіпкер азамат мұқтаж отбасыға 5 бөлмелі баспана тарту етті. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қоныс тойымен құттықтап, тұрғын үй кілтін табыстады.
– Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлының бастамасымен облыс көлемінде «Қамқорлық» жобасы қолаға алынған. Созақ ауданынан көмекке мұқтаж 32 отбасы анықталды. Бүгінде тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, көмір отынмен қамту және өзге де қажетті көмектер көрсетіліп келеді. Бүгін атын атамауды сұранған жүрегі кең кәсіпкер азамат ауданымыздың тұрғынына үй тарту етті. Ол кісіге ризашылығымызды білдіремін, – деді аудан басшысы.
– Біздің жағдайымызды елеп, ескеріп осы игі істі ұйымдастырып отырған азаматтарға, кәсіпкер ағамызға үлкен рахмет. Қатты қуанып отырмын. Бақытты болыңыздар, – деді қуанышын жасыра алмаға жаңа үйдің иесі.
Тұрғынның қоныс тойына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауыл имамы Мейірбек Қалдыбеков және көршілері игі тілектірін білдірді.
Аудан орталығынан берілген үй коммуналдық қызметтерге қосылған. Бау-бақша өсіруге арналған жері бар. Жер учаскесі қосалқы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе, бала тәрбиесіне байланысты жалдамалы жұмыспен айналысуға мүмкіндігі жоқ отбасы үшін өте маңызды.
Айта кету керек, Созақ ауданында бүгінгі таңға дейін «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 9 үй берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі