Қазақ қоғамындағы әйелдердің бүгінгі белсенділігі қалай?

Oinet.kz 17-03-2022 1201

Олар – адам. Олар – ана. Маман. Кез келген саланың тамырына қан жүгіртіп, ғылыми ашылулардың көшінде. Олар тек муза емес, бүгінде автор. Спортта, ғарышта, сахнада.  Барлық қоғамдық-әлеуметтік факторларда әйелдер маңызға ие. 

Screenshot_2.jpg

Фотода Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова

Осыдан жүз жылдай бұрын әйелдердің теңдігі үшін «Халықаралық әйелдер күні» идеясы пайда болды. Негізінен, 1909 жылдың 8 наурызында тігіншілер Нью-Йорк көшелерінде дауыс беру құқығын талап етті. Сол кезден бастап әйелдер ең маңызды болған саяси биліктен басқа көптеген салаларда теңдікке қол жеткізді. Нәзік жандылардың мерекесі қарсаңындағы біздің қойып отырған мсауалымыз мынандай:

1. Қазақ  қоғамындағы  әйелдердің бүгінгі белсенділігі қалай? 

2. Мемлекет әйелдердің белсенділігіне қаншалықты қолдау білдіріп отыр. Депутаттыққа әйелдерге квота белгілегені дұрыс па?

Screenshot_6.jpg

Ғайнижамал АРЫСТАНБЕК, ҚазҰУ магистрі: Қоғамдық қатынастарда ықпалды әйелдердің имиджі қалыптасқан

1. Жалпы әйел адамның қоғамдағы маңызды рөлі – ұрпақ  жалғастыру. Өмірдегі ең басты миссия – адам болумен қатар ана  болу. Бұл жауапкершілік бұрыннан бар. Ер мен әйел рөлі басқа. Өз міндеттері мен жауапкершіліктері бар. 

Қазіргі кезде әйел адамды тек үй шаруасында ғана емес,  саясатта, билікте, бизнесте, басқа да салалардан кездестіреміз. Бұл теңдіктің көрінісі. Қабілеті болса кез келген іске белсене араласа алады. Белгілі бір шектеу жоқ. 

Кез келген әлеуметтік, саяси мәселеге араласып, жеке пікірін білдіре алады. Еңбекке араласып, істі дөңгелетіп кете алады. Жан қалауын орындауға, білім алуға, құқықтық тұрғыдағы мүмкіндіктерінде шектеу жоқ. Барлығы тек өзінің таңдау еркінде. Қыз-келіншектерді кез келген сферадағы мықтылар қатарынан байқауға болады. Дәстүрлі қазақ қоғамынде де, бүгінгі күнде де қоғамдық қатынастарда ықпалды әйелдердің имиджі қалыптасқан.

2.Мемлекеттен қолдау тапқан кәсіпкер әйелдер туралы мәлімет көп. Басқа да салаларда гендрлік теңдік туралы әңгіме өрбіп келеді. Мәселелер ашық айтылып, күрмеуі шешілуде. 2020 жылдың сәуірінде Қазақстанның мәжіліс депуттаттары партиялық тізімдерге әйелдер мен жастарға отыз пайыздық квотаны енгізуді бекітті. Гендерлік квота – әйелдердің  саясаттағы рөлін күшейту құралы ретінде қарастырылған еді. Алайда бұл жерге де нақтылық қажет. Себебі, әйелдер мен жастардың процентін бөлек қарастыру керек. Жастардың пайыздық үлесі артса, әйелдердікі кемиді. Әйелдердікі артса, жастардың пайыздық үлесі кемиді. Қоғамдық, әлеуметтік-саяси өмірде әйелдер мен жастардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың ойы маңызды. Қасым Аманжоловтың “өзге емес өзім айтам өз жайымда” дегені секілді әркім өзі туралы көбірек біледі. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемасы тек “пандус” емес. Әйелдердің мәселесі де дәл солай. Жастар да ойын-сауықтық қажеттіліктерден басқа нәрселерді қалайды. 

Screenshot_5.jpg

Мадина ИСИМОВА, Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы: «Әйел бастаған көш оңбас» деген түсінік ескірді

1.Жалпы өз ойым анау айтқандай Қазақстанда әйелдер белсенді емес секілді. Қайырымдылықпен айналысатын әйелдер көп. Ол қыз-келіншектердің психологиясындағы жұмсақтық болар. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Мүмкін алып қашу фактілері сейілген де шығар. Дегенмен біздің қоғамда келіндік өмірінен блок жасайтын белсенді әйелдер бар. Олар барлығын бүкпесіз көрсетуге тырысады. Жуырда бір блогер (этика тұрғысынан атын айтпай-ақ қояйын) төсекке таңылған енесіне қарап, 10 жыл бір үйдің отымен кіріп, күлімен шыққан. Күйеуі заң тұрғысынан ажыраспай жатып-ақ екінші әйел алды. Ең сорақысы – әлгі блогердің тапқан ақшасына алынған үй мен көлікті күйеуі өз әкесінің атына аударып алған. Екі бала мен бірінші әйелін дымсыз қалдырды. Баланың жауапкершілігі, әйелге деген адамгершілік қатынас ол оқиғада жоқ.

Мысалы қаңтар оқиғасында адвокат Абзал Құспан бір мейірбикенің топтық зорлау құрбаны болғанын айтты. Бұл – өте өрескел жағдаят. Мейірбике қызмет уақытында басқыншылардың тарапынан зорлық көрген. Тұрмыстық бұйымдар тонау, ғимарат өртеу әрекетінің бәрі де адамның құқығын таптаудың қасында түк емес. Қоғамда тек зат ұрлаған адамдардың жазаланғаны туралы айтады. Ал бір адамның құқығын таптағандар туралы неге айтпаймыз? “Жабық тақырып”, “әйел кінәлі” дегеннен әріге аса алмадық. Зорлау фактілерінің барлығы да бірдей құқық қорғау органдарына арыз күйінде жетпейді. Ол әділдікке жетуге деген сенімнің жоқтығының көрінісі. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды қорғауға бағытталға ұйымдар мен орталықтардың санын арттыру керек. Оралда екі қызы мен келіншегін өртеген ер адам туралы бәріміз оқыдық. Сонда шарқ ұрған келіншектің туыстары ерімен татуластырып, зәбір көргеніне мән бермеген. Соңында тек журналистерге жылап интервью берумен шектелді. Жылағаннан не пайда, ерте үзілген қос қыз бен ананың өмірі қайтарылмайды.

2. Депутаттыққа әйелдерге квота бергені дұрыс. Бұл мәселеде кейде мына кейсті алға тартады. Потенциалы бірдей ер мен әйел болса, квота арқылы әйел өтеді деп. Бұл бәсекелестікті тудырады. Бәсеке бар жерде сана да, сапа да өседі. Батыс бұл проблемамен бетпе-бет келіп, еңсеріп кетті. 2020 жылы Парламенттің төменгі палатасында әйел депутаттардың үлесі 27,1% болған. Ендігіде 30 пайыздық квотаға жастар мен әйелдер ие болады. Бұл 27 пайыз азаюы ықтимал. Гендрлік квота – позитивті дискриминация. 

Қоғам өмірінде белсенді әйелдерге қолдау көп. Білім керек, мүмкіндіктерге ашық болу керек. Не болса да барлығы – адамның өз еркінде. Таңдау жасап, әрекет етсе – жеткілікті. «Әйел бастаған көш оңбас» деген түсінік ескірді. Оны жаңартқан, еңбексүйгіш әйелдер. 

Screenshot_4.jpg

Ұлту ҚАЛДАРБЕК, басқару пультының операторы: Әйелдердің мүмкіндігі ерлермен бірдей

1. Қазіргі таңда әйелдер ер адамдармен бірдей жұмыс істейді. Оған дәлел мен еңбек ететін  кен байыту фабрикасы. Қолына күрек алып, резеңке етік, каскамен жүргендер әйел адамдар. Кейбірі ақша жетіспеушілігінен  жүрген болса, екінші бірі қоғаммен бірге дамығысы келеді. Ол өте дұрыс деп ойлаймын. Әйелдер еңбек ету, қоғам өміріне етене араласу тұрғысынан ешқандай таптаурынға ұшырап жатқан жоқ. Барлығы да өз таңдауын жасай алады. 

2. Біздің мемлекетімізде әйел немесе еркек деп бөліп, кемсітетін ешқандай заң жоқ. Әйелдердің мүмкіндігі ерлермен бірдей. Нәзік жандыларға дамуға, жетілуге ешқандай шектеулер жоқ. Тіпті әйелдерге көбірек қолдау көрсетіледі десем де болады. 

Screenshot_3.jpg

Жасмин АШИМОВА, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: Отан – бәрімізге ортақ

1.Қазақ қоғамындағы әйелдердің белсенділігі өте жоғары. Кез келген салада бәсекелестерін басып озған қыз-келіншектер көп. 

2. Отан – бәрімізге ортақ. Еліміздің дамуы үшін әркім өз қарым-қабілетін танытуға құқылы. Гендрлік квотаны қолдаймын. Қазақстанның гүлденуі мен бақытты болашағының кілті біздің сүйіспеншілікті, жауапкершілікті, еңбекқор қыздарымыз бен жалынды жастардың қолында. 

Сауалнаманы дайындаған Б.БӨРІБЕК

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Жаңаөзенде аумақтық кәсіподақтар бірлестігін құру бастамасын қолдады
Денсаулық сақтау мекемелерін жекешелендіру дұрыс па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу