Гүлшарат Жұбаева: Әйелдің алмайтын қамалы жоқ

Oinet.kz 17-03-2022 1479

Той ұйымдастыру агенттігі. Тігін шеберханасы. Оқу орталығы. Сән салоны. Барлық  бизнес нысан иесі осыдан 21 жыл бұрын туған жерін тастап, отанына оралған. Бастапқыда кейде қонар орын болмай қиналса да, жасымайды. Жаңашылдыққа құмар. Өзі хареограф, кейіннен актрисалық еңбек жолын бастады. Тіпті сахнаға ән айтып шықты. Бүгінде кәсіпкер Гүлшарат әлеуметтік желі арқылы оқырмандарымен пайдалы ақпаратын бөлісіп, жігерлендіреді. Қайсар, еңбекқор Гүлшараттың әлеміне бірге саяхаттайық!

Screenshot_7.jpg

– Қазір  нарықта бағаның жоғарылайтынын айтып дабыл қағып жатқан сараптамалар аз емес. Оған өршіп тұрған соғыстың әсері жоғары болып тұр. Бұл жағдай кәсіпкерлерге қалай әсер етеді?

– Нарықтағы бағаның жоғарылау процессі басталып кетті. Кризис кезіндегі бағаның шарықтауы – қалыпты жағдай деп ойлаймын. Ішкі баға сырттағы факторларға тәуелді. Бұл бір Қазақстанға ғана емес, әлемге әсер еткен жағдаят. Дегенмен кәсіпкерлер кедергіге тап болса да, нарықта өз кәсібін сақтауға, еңбеккерлерді жұмыспен қамтамасыз етуге күш салуымыз керек.

Соғыс тек жоғалтудан тұрады. Қақтығыстан соң пайдаға кенелу мүмкін емес. Қайта қалыпқа келу барысы қиынға соғады. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді ғой. Оқиғаға жан-жақты қарап, ортақ шешім табуымыз керек. Тек украин не орыс халқының емес, бұл трагедия көршілес мемлекеттер үшін өте жойқын соққы береді. Психологиялық тұрғыда ғана емес, экономикалық салдары қиын боп тұр. Заманда бейбітшілік болсын, бәрі өз қалпына оралсын деп тілеймін.

– Мүмкіндік деген не? Сіз осы сәтке дейін ие болған ең оңтайлы мүмкіндік?

– Кәсіпкер ретінде жауап берейін. Халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер нені қалай, кімге сатуды жақсы біледі. Бастамаға  «ел көрмейтін» кәсіпкерлік түйсікпен қарау мүмкіндікті пайда қылады. Мүмкіндік – жалпыға емес, жалқыға тиеслі пайым, сенім. Ешкім байқамаған нәрсені ешкім бастамай жатып қолға алу – мүмкіндік. 

Менің өмірімде мұндай мүмкіндіктер көп болды. Жай ғана бір келісімшартқа қол қою. Тез шешім қабылдап, ұсыныстардың пайдалы жағына ұмтылған сәттерім көп. Кәсіпте тәуекелге бару көп нәрсені шешеді. Мен – тәуекелшіл адаммын. 

– Қазақстанға келгеннен кейін үйренісу кезеңінде сіз үшін ең қиын болған не нәрсе?

–  Қазақстанға келгенде ең қиын болған – пәтер мәселесі. Кейбір адамдардың өмірінде әлі күнге дейін бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Пәтер жалдап тұру, өзіңнің ортаңның болмауы – адам өмірінде маңызды екен. Мен бұл пайымды Қазақстанға келген кезімде түсіндім. 

Кез келген Қазақстан азаматы ортасының, Отанының қадірін осы жерде жүргенде біле бермейді. Біз бұл сезімді тек шетке шыққанда сезінеді екенбіз. Мен туып-өскен жерімді тастап келгенде, бұл жер отаным болса да, «басқа орта» болды. Қазір перзенттеріме жаңа жерге барғанда ортаң, отаның болмаса, қиын екенін жиі айтамын. Гүлді бір жерден екінші жерге ауыстырғанда, топырақ ұнамаса, гүл өліп қалуы мүмкін. Яғни бір ортадан екінші ортаға ауысқанда адам да гүл секілді. Не «өліп қалуы» мүмкін, не сол топырақ ұнап өсіп-өніп кетеді. Сол үшін орта мен отан ұғымын терең сезінуіміз керек. Бір жерді тастап кету – проблеманың шешімі емес. Жемқорлық, мәселелер барлық жерде болады. Өз отаныңнан табыс табу – бақыт. Кейбір адамдар ойлауы мүмкін «біз бармаған жердің бәрі гүлденіп жатыр» деп. Бірақ, «барсаң, бақыр да жоқтың» кері болмасына кім кепіл? Осындай қиындық кезеңде елді, жерді тастап кетудің қажеті жоқ.  Еңбексүйгіш адамға кез келген ортада нан табылады. 

– Кәсіп тәуекелді қажет етеді. Бизнес бастамаларыңыздың қайсы ең үлкен тәуекелді қажет етті?

– Тәуекел – кәсіпкер боламын деген бар адамның бойынан табылуы тиіс қасиет. Тәуекел етпеген, ешнәрсеге жетпейді. Дегенмен менде де сәтсіз бизнестер өте көп болды. Сіздер тек сәттілерін көріп жатырсыздар. Сәтсіз бизнеске кеткен қаражат, уақыт – қалыпты жағдай. Өмір болғаннан кейін бәрі бірсарынды болуы мүмкін емес. Кәсіпкерлікке бет бұрған адам сәтсіздікке ұшырауға дайын болуы керек. Яғни 100 рет сәтсіздікке ұшыраған адам 101 қадамда сәттілікке жетуі ғажап емес. Тәуекел ету – ұтуға да ұтылуға да дайын болу. “Мына кәсіп жүреді” деп 100 пайыз айтуға болмайды. Кейбір адамдарда тіпті ойламаған қызмет сұранысқа енуі мүмкін. Кейбір кісілерде қанша сұранысқа ие болады дегенмен ол адамның қабілетімен, мүмкіндігімен, табиғатымен ол кәсіп жүрмеуі мүмкін. Ішкі, сыртқы факторлардан бөлек – кәсіпкердің табиғаты да маңызға ие. Кәсіп тек тәуекелге ғана емес, қабілетке, табиғатқа, еңбекқорлыққа тәуелді. 

– Марқұм анаңыз туралы әңгімелеп беріңізші? Ол кісі туралы ойласаңыз, ең алғаш ойыңызға не түседі?

– Марқұм анам өте еңбекқор кісі болды. Ол кісі еңбекті жақсы көретін. Ол кісі – менеджерлік қабілетке ие болды. Адамдармен сөйлесуі, тіл табысуы, кез келген ортаға сіңізіп, мәселеден жол табу – қанда да бір қиындықта қанатының астындағы адамдарды 100 пайыз алып шығатын. Ол кісі ер адамдар секілді шешімтал еді. Анамның қабілетін отбасыдағы бар перзент  өзімізге үлгі еттік. Өмір жолында бұл қабілеттердің жемісін жеп, игілігін көріп жүрміз. Көп кәсіпкерлер «сенің кәсібің жүреді, менікі неге жүрмейді» деп сұрайды. Бұл жерде тіл табыса білудің маңызы жоғары. Клиентпен қатынас, сөйлеу мәнері – кәсіптің табысты болуына ықпал етеді. Сондықтан бар кәсіпкер тұтынушының жақсы сезінуі мен жағымды әсер алуы үшін қызмет етуі керек. 

– Әр әйел қол жеткізе алатын ең басты құндылық не?

– Әрбір әйелдің құндылығы – әркелкі. Біреу үшін – бала, біреу үшін – байлық, біреу үшін – жолдасы, біреу үшін – ата-анасы, біреу үшін – жұмысы. Мысалы, перзент сүюдің өзі – үлкен құндылық. Кейбір әйелдердің перзенті болмауы мүмкін. Бірақ ол кісілер бақытын басқа жақтан іздейді. Басқа құндылық ол кісінің өмірінде бар. Кұндылықтың салмағын сезінердей әр адамның ішінде қанағат болуы керек. Шүкіршілік болмаса, бәрі – бекер. 

Қанша жерден құндылыққа жет не, жетпе не? Сен ойлаған құндылыққа жетсең де, балалы болсын-болмасын, бай болсын – болмасын, бірақ іште қанағат болмаса, бәрі – нөл. Бақыт байлықта емес, бағалауда. Әрбір адам – ерекше қайталанбас тұлға. Барлық адам қазір қанағатшыл емес. Әлеуметтік желіде жылтыраған дүниеге әуестеніп, өзін салыстырып, күйзелетіндер де баршылық. Түптеп келгенде әр адамның өмірі – жеке шедевр. Ешкімнің өмірі біреудікімен 100 пайыз ұқсас емес. Көп жүгірген жетеді. Өзін қамшылап, алға қойған мақсатына ұмтылса, әйелдің алмайтын қамалы жоқ. Соңғы 3-4 жылда байқағаным, ер адамдардың ерік-жігерінен әйелдердікі мықтырақ екен. Оған дейін бұл тақырыпта ойланбаппын. Қаншама жалғызбасты ана бала-шағасын өсіріп жетілдіруде. Кез келген қиындықтан шыға білетін, еңбегімен ер адамды он орап кететін әйелдерді көріп жүрмін. Мұндай әйелдер – мақсатына міндетті түрде жетеді. Қазақ әйелдері жанкешті. 

– Шерхан Мұртаза өмірді «Бір кем дүние» деп сипаттайды. Адамзат  қандай әрекет жасамаса, бір кем дүние  зор кем дүниеге айналады?

– Төрт құбыласы түгел адам болмайды-ау деп ойлаймын. «Бір кем дүние» деген сөздің мағынасы осы болар. Барлық қабілет бар болса да, адамда бір еріншектік болса сол – зор кем дүние. Құдай саған дарын, еңбекқорлық, денсаулық берді. Неге ғажайып туынды жасамасқа? Неге іске асырмасқа? Бізде желкеден ұстап тұрған жалқаулыққа бой береміз де, өмір өтіп кетеді. Сол – зор кем дүние. Қартайғанда «мен сондай болғам, ондай болғам» деген ертегіңе кім сенеді. Ешкім сенбейді! Жалындап тұрған жас күніңде қолыңнан келіп тұр ма? Қонышыңнан басып жаса! Қолыңнан келсе, өзіңе сенімді болсаң, қадамыңды нық бас!

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

Өмірқұл Айниязов: Сұраныс бар екен деп арзанқол әнге ұрынбаймын
Айбек Жеңісқазы: «Ақын айтқан мәселе шешімін табады» деген қағида жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу