Өмірқұл Айниязов: Сұраныс бар екен деп арзанқол әнге ұрынбаймын

Oinet.kz 17-03-2022 1676

Клип. Әр уақытты бейнелейтін, сол кездегі адамдардың өресі мен сұранысын, талғамын екшейтін таспа секілді. Тек бір адамның емес, қоғамның меншігі. Жуырда Өмірқұл Айниязовтың ескі әнге жаңа бейнебаян түсіріп жатқанын байқадым. Неліктен екі уақытты тоғыстырып еңбектенетіні қызық көрінді. Ары қарай өзінің әңгімесінен сұрақтарыма жауап іздедім. 

Screenshot_1.jpg

– Карантин режимі кезінде әркімнің шығармашылығы түрліше дамыды. Сізге бұл кезең қалай әсер етті?

– Шығармашылығым карантин кезінде де жалғасын тапты. Ешқашан өнерден қол үзіп, ұзамадым. Карантин кезінде елдің бәрі ауылын сағынып, кең даланы аңсағандай. Менің «Бір шәугім шәй» деген әнім халыққа жол тартып, көңіл төрінен орын тапты. Бір жылдан аса, шектеулер толып тұрған кезде ел арасында кеңінен танылды. Бұл – менің жетістігімнің бірі.

 Карантин уақытында  тіпті ауылға барып осы әнге клип түсіріп үлгердім. Жалпы, өзім карантинде қарап қалған жоқпын. Басқа да жұмыссыз әріптестерім не істегенін білмеймін, жеке өзімнің айлығым үзілген жоқ. Себебі, біраз жылдан бері Алматы облысындағы Сүйінбай атындағы филармонияда жұмыс істеймін. Карантинде айлығым тоқтаған да жоқ, азайған да жоқ, сол қалпында түсіп отырды. Айтарлықтай қиналдым деп айта алмаймын. Тіпті, былайғы кезде қолым тимейтіндіктен, бос уақытты пайдаланып өз бизнесімді ашып алдым. Мал шаруашылығына бет бұрып, көптен ойда жүрген мақсатымды орындадым.

Араға 21 жыл салып екінші перзентім дүниеге келді. Осыдан 15 жыл бұрын шырқаған «Ботақаным» деген әнді өңдеп, жарыққа шығардым. Әлеуметтік желіге жүктеп, біршама тараттық. «Қазақ осы» деген әнді де репертуарыма қостым. Бұрыннан танымал болса да, менің орындауым да бұл ән халыққа  жол тартты. «Әттең тонның келтесі-ай» әніне бейнебаян түсірдім. Дәл қазір ол бейнетаспаны қолымызға алып, шаттанып отырмыз. Менің жеке студиям болған соң, мүмкіндіктерді кеңірек қолданғым келеді. Он екі дәстүрлі әнді домбырамен орындап,  дауыс жазып, радиоға тапсырдым. Бұл да бос отырмай, жұмыс істегеннің арқасы деп ойлаймын. 

– Жалпы тұлғалар өміріне арналған фильм, сериалдар көптеп шығарылуда. Дәстүрлі ән бағытындағы қандай авторлардың өміріне кино түсіруге болады?

– Дәстүрлі әншілердің ішінде Әміреге, Күләшқа арнап кино түсірілді. Бұрынырақ «Біржан салды» Досхан Жолжақсынов ағамыз алып шықты. «Алатау» театрында мұхитқа арналып спектакль қойылып жатыр. Өзім барып көрдім. Қазақтың әр тұлғасына фильм түсірсе, түрлі жанрды қамтып, ерекше леп болар еді. Мен термеші ретінде Наурызбек жыраудың мақамымен айтамын. Ол кісі кішкентай кезінде мұз жарылып, салқын суға түсіп кетеді. Қолы-басы мүрік болып тырысып қалған екен. Жыраулық аянмен келіп, қолы істемесе де, аузы қисық болса да халық ол кісіні тойларына алып келіп, жырларын құлағының құрышы қана тыңдаған екен. Ол кісінің еркеліктері, әңгімелері кино секілді көрінеді. Ән, терме, дастанды бір бойына тоғыстырған Наурызбек жырауға, көптеген жыршылардың өміріне негіздеп фильм түсірсе, артық болмайды. 

– Әншінің репертуарының жаңаруы халық сұранысын арттырады деген екенсіз. Халықтың сұранысын арттыру үшін тағы нені назарда ұстаған абзал?

– Әндерді эстрадалық бағытта орындағандықтан мен халықтың сұранысына етене мән беремін. Қазір жеңіл әндер сұраныста. Олардың өмірі ұзақ болмайды. Дегенмен ол жол әнді бизнес ретінде қарағанда тиімді көрінеді. Мен терме, халық композиторларының әндерін айтсам да, жаңа ән айтсам да билеуге ыңғайын келтіріп орындаймын. Дыбыстар мен аспаптарды соған формалаймыз. Шоу-бизнес халықпен санасуды талап етеді.Тіпті киінген кезде де бір қалыпта қатып қалмай ерекшелік жасауға тырысамын. Өзімнің жүрегіме ұнаған әнді ғана орындаймын. Сұраныс екен деп, арзанқол әнге ұрынбаймын. Өзіме ұнаған әнді әр бөлшегін назардан тыс қалдырмай өңдеп, екшеймін. Тіпті бейнебаян түсіргенде бірізді болмауы үшін көп еңбектенемін. Қазіргі шоу-бизнесте қандай бағдарлама, өзекті тақырып болса бірінен де тыс қалмаймын. Маған ешкім «форматқа сай емес» деп сын айтпапты.

– Неліктен эстрадалық әндерге дәстүрлі әнге қарағанда сұраныс көбірек? Дәстүрлі әнді заманауи нақышта орындаудың тиімділігі қандай?

– Бізде дәстүрлі орындау сұраныста жоқ. Біз сол бағыт ұмыт қалмасы үшін, эстрадада жаңа нақышта болса да дәстүрлі әндердің салтанат құрғанын қаладық. Уақытымен, заманға сай тенденция жылдам әрі ойнақы әндердің еншісінде. Қоғамдағы агрессия, адамдардың жан қалауы солай болар. Баяу орындалатын әндер де хит болып жүр. Дегенмен ол әндердің сөзіне зер салсақ, тағы да агрессия, құр өкпе. Дәстүрлі әннің өз даму ортасы бар. Оны эсрадаға бизнес ретінде қарағандай бір жүйемен қарасаң, жақсақ бір ойға тап келесің. «Дәстүрлі әнді» арнаулы мамандық ретінде оқып жатқан қаншама жастар бар. Дәстүрлі ән – классика. Музыка – белгілі бір ортада талғамға сай дамитын сала. Дәстүрлі әннің де өзінің жоқтаушылары бар. Оны эстрадамен салыстырып, «бүйтпеді, миллион табыс алып келмеді» деуге болмайды.

Дәстүрлі әнді заманауи нақышта орындаудың тиімділігіне тірі мысал – менің практикам. Менің әндерім стадиондағы концерттерде де, эфирлік бағдарламаларда да шырқалып жүр. Шоу-бизнестің көшінен де қалмадым. Әншіге сұранысты «ставкасымен» де білуге болатын шығар. Эстрадалық әншілердің «ставкасы» қанша болса, дәстүрлі әншілердің гонорары да сол темпте. Сұраныс болмаса, мені Қазақстанның түкпір-түкпіріне шақырмас еді. Қазіргідей гонорар белгілемес едім. Заманауи бейнебаян түсіру де, ән әрлеу де – халықтың маған деген қызығушылығын оятатын бір құрал. 

– Әріптестеріңіз Қанат және Айткүл Құдайбергеновтердің өтініші желіде жиі талқыланып кетті. Алайда басшылық ол кісілердің зейнет жасында екенін назарда ұстап, жас мамандарды жұмысқа алу қажеттігін атапты. Сіз зейнет жасынан кейінгі өміріңізді қалай өткізгіңіз келеді?

– Қанат аға мен Айткүл апайымыздың өтініші желі де көп тарады. Менің пікірімше, олар қартайып, бойынан әл тайған жоқ. Сахналық келбеті де талапқа сай. Бастысы – халықтың оларға деген ықылас-пейілі ортаймады. Ол кісілермен бір ұжымда жұмыс істейміз. Олар біздің арамызда жүрсе, артықтық етпес еді. Басшылық тарапы солай шешім қабылдаған соң, оған тек бағыну керек. Қанат аға 3 жыл, Айткүл апай 7 жыл жұмыс мерзімін создырған екен. Басшылық жаңа кадрларға мүмкіндік жарату мақсатында ол кісілерді зейнетке шығаруды ұйғарған екен. Дегенмен зейнетке шықса да, Қанат аға мен Айткүл апай сахнадан «түседі» деп ойламаймын. Былай да өздері ізденіп, филормония жібермей-ақ үлкен концерттерден табылады деп ойлаймын. Ол кісілер - көппен біте қайнасып жүрген өнер адамдары. Ендігіде өнері, қабілеті арқылы жұмысын жалғастырады деп ойлаймын.

Маған зейнетке шығу туралы айтса, «кетпеймін» деп айтпаймын. Кезі келгенде зейнеткер ретінде демалып, шақырған жерде ән шырқап жүремін деп ойлаймын. Қанат аға, Айткүл апай, Ұлжан апайлар зейнетке шықса да халықтың  ортасында жүруіне тілекшімін. 

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

Қ.Балабиев: Барлық мақсатымызға тек бірлік пен келісім арқылы ғана жете аламыз
Гүлшарат Жұбаева: Әйелдің алмайтын қамалы жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу