Өз иесін тапқан лауазым
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Болат Анапияұлы Тілепов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Президенттің бұл тағайындауын көпшілік өте жылы қабылдады.
Болат Анапияұлы қай қызметті атқарса да оған үлкен жауапкершілікпен қарап кәсібилігін көрсеткен. Бұған оның осы уақытқа дейін түрлі лауазымды қызметтері абыроймен атқарғаны дәлел. Еңбек жолын 2001 жылы «Стратегия» талдау орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы болып бастады.
Содан бері ол қызмет барысындағы барлық сатыдан өтіп, әбден ысылды. Әсіресе ішкі саясат саласының қазанында бұрқ-сарқ қайнады. Осы саланы ұршықша иіріп еліміздегі қоғамдық ахуалды тұрақты ұстап тұруда орасан зор еңбек етті. Оның ұрпақ тәрбиесінде атқарған жұмыстары әлі ел есінде. Болат Анапияұлы шетел мультфильмдерін қазақша тәржімалап оны өскелең ұрпаққа ұсыну жұмыстарын үйлестірді.
"Тіл мәселесі - бұл руханияттың өзегі. Кез-келген елдің ертеңі - бала тілінде. Руханият мәселесі бұл - жалғыз мемлекеттікі емес, ортақ мәселе. Сондықтан да оған қолжеткізу үшін бір ғана мемлекеттің жұмысы аз. Әрбір азамат атсалысуы керек деп ойлаймыз" - деп Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде вице-министр қызметін атқарып жүргенде айтқаны қалың бұқараның көкейіне сенім мен қуаныш ұялатқанын ешкім ұмыта қоймады. Істің тетігін табатын да, мәселенің күрмеуін шешетін де - білікті кадр екені белгілі. Болат Тілеповтың тұсында министрлікте ауыз толтырып айтарлықтай көптеген жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне жарады.
Ішкі саясат деген идеология екені аян. Егер идеология болмаса, кез-келген мемлекет құрдымға кетеді. Сондықтан да идеология саласын ұлтжанды, жұмысты дөңгелетіп алып кете алатын іскер азаматқа берген абзал. Бүгін Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі өз иесін тапты. Осылайша ұзақ жылғы адал һәм жемісті еңбегі еленіп, мемлекет алдында жауапкершілігі мол лауазымды қызметке тағайындалған Болат Тілеповке сәттілік тілейміз!