Танымал ақын Президентті қатаң сынға алды

Oinet.kz 31-01-2022 3038

Танымал ақын Ақберен Елгезек Президенттің сұхбатына байланысты пікір білдірді. Ол мемлекет басшысын қазақ тілінде сөйлемегені үшін сынға алды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды. 

Screenshot_13.jpg

"Президент сұхбатының толық нұсқасын 9 сағаттан кейін, түнделетіп көріп шықтым. Айтқан сөздерінің барлығы байыпты, салмақты, дипломатқа тән сақ һәм меңзеуге толы әңгіме болған екен. Кей сұрақтарыма жауап та алғандай болдым (шын болса, игі!). 

Бірақ менің жүрегіме екі мәселе қатты ауыр тиді. 

Біріншісі - сұхбаттың орыс тілінде жасалуы. 

Қазақ Мемлекетінің Басшысы барлық ресми мәлімдеме-жолдауларын, мақала-сұхбаттарын, жиналыстардағы тапсырмаларын, шет елдермен болатын келіссөздерін, мемлекет саясатының барлық трансляциясын Елдің Мемлекеттік тілі - Қазақ тілінде жасауға міндетті. Өйткені ол жай адам емес, ол - осы Мемлекеттің Басшысы. Ал, Мемлекет - Қазақтікі. Бұл Президентке және барлық мемлекеттік лауазымы бар азаматтардың мойынына жүктеліп, ешуақытта алынбайтын парыз-міндет! 

Екіншісі, сұрақ кекесіммен қойылсын, төтесінен қойылсын, қалай қойылса да, Президент өз зиялы қауымын ешқашан өз аяғымен жерге таптап, тықпауы тиіс! Ескіше ойлай ма, жаңаша ойлай ма, қалай болғанда да зиялылар - осы елдің рухани ұстындары. Кейбір азаматтар да зиялы қауымды жерден алып жерге салып білгенін істейді. Жер жебіріне жетіп, ит терісін басына қаптап құтырады. Сол әрекетінен садистен бетер ләззат алып жатады. Шенеунік біткен де көтеніне қарамай, зиялы қауымды “бейшаралар” деп қорлап отырады (талай естідім, талай қырылыстым сондай топастармен). Отырса опақ, тұрса сопақ та сол зиялы қауым. Ақиқатын айтса - “жетілмей қалған надан”, мемлекетшілдік ұстанымымен қолдаса - “жағымпаз сорлы” да сол зиялылар. Мемлекет басына бұлт үйірілсе, “ойбай қорғаңыз, халыққа тоқтау сөз айтыңыз” деп шырылдауық шенеуніктің жүгіріп баратыны да - сол зиялы қауым. Жұрт тынышталған соң, өлмесең өлме қап деген қатыгездіктен зардап шегетін де, тастанды боп жетімсіреп қалатын да сол зиялы қауымың. Шенеунігің болса, “іс бітті, қу кетті” жолымен қайқаңдап кете барады. Екі арада итке керілген қасқырдай боп зиялы адам жатады таланып. Естеріңізде болсын, ешкім Президентке де, Елге де Африкадан я Америкадан, Антарктида мен Австралиядан су жаңа, мінсіз зиялы қауымды әкеп бермейді. Барымен базар. Нашар болса, жөнге сал. Дұрыс сөз айтса, қолда. Сен әуелі сол зиялының қалай зиялы болғанын білсейші. Ол не оқыды, не тоқыды, артында қандай соқтықпалы соқпағы бар, не жазды, қалай жазды, жүрегінде не тұр, қарап алсайшы, қарағым-ау. 

Кешегі қуғын-сүргінде ел үшін опат болып, атылған кім?! Оны атқан кім?! Зобалаңның бәрінен аман қалып еліне қалтқысыз қызмет еткен, әдеби, ғылыми том-том кітап жазып, қағаз бетінде ата-бабаңның тілін сақтап қалған кім, жүрегіне ән-күймен гүл еккен, театр мен киноны жасаған кім?! Сен кімнің шығармасын оқып өстің, сен кім жазған оқулықтармен сауат аштың?! Зиялы қауым жасады, зиялылар берді мұның бәрін! Әлде қолымыздағы рухани алтын қазына аспаннан жауа салды ма, өзінен өзі жанартауша атқылап жерден шықты ма?!  Кеше Мағжан мен Ахметті аттың не, бүгін тірідей іреп тұрып, терісін сыпырып жатқаның не, бір шаруа емес пе?! “Жапырақ туралы өлеңдері мен қисынсыз шимайларын қалтасына салып қойсын” деп өзеурейді кейбіреулер. Оқымасаң, рухани деңгейіңе сәлем айт, неғылдейсің енді?!

Ал, осындай сөзді өз құлағымен естіп, бақырайған көздерімен ағалары мен апайлары халықтан да биліктен де таяқ жеп жатқанын көріп жүрген жас зиялылар, болашақтың рухани көсем азаматтары не ойлау керек?! Әлде ақын-жазушы, журналист, актер, композитор, суретші, ғалымдарға қазақтың жарқын болашағында орын жоқ па?! Бұл қандай мессендж?! Зиялысыз-ақ күн көреміз деген сөз бе?! Мархабат! Жаңа Қазақстан тек кәсіпкер мен шенеуніктен құрылмайды бірақ", - деп жазды Ақберен Елгезек.

Алматыда көлікте жанып кеткен ерлі-зайыптының балалары: Мұндай қайғыны ешкімге тілемейміз
Түркістандық ақсақал тарихи мұралар табыс етті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу