Халыққа 100 мың теңге айлық күн көруге жетпейді - Мәжіліс депутаты
Қаңтар айының басында Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасы тағы қымбаттап, халық наразылыққа шыққаны белгілі. Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинмен қымбатшылық кезде халыққа 100 мың теңге айлық жетпейтінін мәлімдеді.
– Сұйытылған мұнай газ бағасының бір литрінің 120 теңгеге шарықтап кетуі, жылдар бойы Маңғыстау өңірінде шешімін таппай, «бықсып» жатқан әлеуметтік-экономикалық мәселелердің үстіне түскен «ұшқын» болды. Халық жұмыссыздықтан, жемқорлықтан, кедейшіліктен, соңғы кездегі құрғақшылықтан және басқа да проблемалардан әбден шаршады. Оның үстіне соңғы екі жылдағы пандемияның адамдарға психологиялық әсері де болған сияқты. Сонымен қатар халық пен биліктің арасындағы коммуникацияда нашарлап кеткен. Орындалмайтын уәде, бюрократия, нақты шешімдердің қабылданбауы, биліктің жеке бір топтардың мүддесіне жұмыс істеуі және т.с.с. іс-әрекеттер елдің ашу-ызасын туғызды.
Митинг барысында газ бағасынан басқа саяси, әлеуметтік, экономикалық көптеген талаптар қойылды. Тез арада не істеу керек? Меніңше ең бірінші жұмыссыздықты жойып, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Екінші азаматтардың алатын жалақысын өсіру өте маңызды. Қазір 100 мың теңге ештеңеге жетпейді. Тамақ іше ме, киім кие ме, баласының оқуын төлей ме, коммуналдық шығындарын өтей ме? Көп адам несие алып алған, төлеуге де жағдайы жоқ. Жалақыны өсіре алмаса азық-түлік, коммуналдық тарифтер бағасын түсіруді қарастырған жөн. Үшінші шағын және орта бизнеске шын жағдай жасау керек. Оларға 5% дейін арзан несие беріп, инфрақұрылым қажет болған жағдайда мемлекет көмектессе, олар өздері-ақ жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, әл-ауқаты жақсы орташа таптың санын көбейтеді. Оларға кедергі жасамау қажет! - деді мәжіліс депутаты.