«Кеудесіне екі рет оқ атып өлтірген»: Алматылық бойжеткен алаңда анасынан айырылған
Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қайғылы жағдайға ұшыраған бейбіт тұрғынның бірі – Томирис. Анасы Айтқұлова Нұралия Садықбекқызы 6 қаңтарда митинг кезінде кеудесіне оқ тиіп, қайтыс болған. Марқұм әйел алаңға белсенді ретінде шыққан. Бүгінде жалғыз қызы 20 жасында анасыз, жетім қалып отыр. Қайғылы оқиғаның мән-жайын Stan.kz тілшісі анықтады.
Томирис – анасының жалғыз қызы, бауырлары жоқ. Әкесіз өскен. Соңғы оқиғалар қабырғасын қайыстырған, жетім қалдым деп отыр.
“Мен әкесіз өстім. Ол үш жасымда қайтыс болған”, – дейді бойжеткен.
Ал анасы – 48 жастағы Айтқұлова Нұралия Төлеби Әуезов көшелері қиылысында орналасқан “Планета Электроники” дүкенінде кассир болып жұмыс істеген. Осыған дейін белсенді ретінде көзге түскен.
“Алайда соңғы бір жарым жылда күйеуі және маған бола белсенділіктен тыс қалған”, – дейді қызы.
Айтуынша, анасы 6 қаңтарда сағат кешкі 7-лер шамасында Республика алаңында мерт болған. Ол кеудесіне тиген екі оқтан жараланып, көз жұмған екен.
“Куәгерлер бар, бірақ біз оларды танымаймыз. Екі оқ оң жақ кеуде тұсына кіріп, қайта шыққан. Үсті көгерген, желкесі зақымдалған. 7 қаңтарда телефондағы соңғы номер бойынша тергеуші әпкеме хабарласқан. Қоңырау шалып, Космонавтов-Советская көшелері бойынша орталық мәйітханаға келіп, мәйітті тану қажет екенін айтты. Содан соң екі әпкем автоматпен қаруланған кісілердің көзінше мәйітханаға кіреді. Денені таныған соң, үлкен ағаларыма хабарласады. Кешке қарай тұрғылықты мекенжай бойынша Қарасай ауданына денені алып кеткен. 8 қаңтарда анамды жерледік”, – дейді қызы Томирис.
Томирис анасымен соңғы рет сөйлескен естелігімен бөлісті. Оның сөзінше, Айтқұлова Нұралия 6 қаңтарда хабарласып, қызы екеуі жақын арада КИЗ-ге (Қарасай ауданындағы ауыл) үйге қайтатынын айтады.
“Мен анамды өлтіріп кеткен ауданда тұрып жатырмын. Сол күні анама қалада қалуға қорқып жатқанымды айттым. Түстен кейін сөйлескенде ол маған келіп, екеуміз үйге қайтамыз деді. Содан соң мен бірнеше рет анама қоңырау шалдым. Ол телефонын көтермеді. Келесі күні 7 қаңтарда сағат 1-лерге таман мен және отбасым осы трагедия туралы естідік”, – деп есіне алады Томирис.
Толығырақ Stan.kz сайтынан оқи аласыздар.