Түркістан: Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға арнайы марапаттар табысталды
Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай мерекелік іс-шара болып өтті. Аталмыш жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева, облыстық мәслихат депутаты, әлеуметтік мәдени даму және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Алмас Салимов және өңірдегі Желтоқсан оқиғасына қатысушы азаматтар қатысты.
Жиынды ашып берген облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов: «Тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды белестердің бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Биылғы жылы бұл оқиғаның орын алғанына 35 жыл толып отыр. Егемендікке жетсек деген бабалар арманын ұран етіп, Кеңестік кезеңнің кертартпа саясатына қарсы бас көтерген қазақ жастарының ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Сол кездері алаңға шыққан қазақ жастарының көксегені – жеке бастың емес, күллі Қазақтың ғасырлар бойғы арманына жеткізу болатын. Елбасы жарлығымен Түркістан облысының қайта құрылып, рухани шаһарға облыс орталығы мәртебесі берілуі де – сол боздақтарымыздың асқақ рухымен жеткен Тәуелсіздіктің айтарлық бір жемісі.», деп Желтоқсан қаһармандарына ерен ерліктері үшін айрықша алғысын білдірді. Шара барысында дүниеден өткен Желтоқсан құрбандарына арнап құран бағышталып, арнайы бейне-фильм жұрт назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, жиында бірқатар азаматтарға «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі мен облыс әкімі орынбасарының, облыстық мәслихат пен «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалдарының алғыс хаттары табысталды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда облыс бойынша Желтоқсан оқиғасына 244 жерлесіміздің қатысқаны жайлы мәлімет нақтыланған. Оларға түрлі мемлекеттік марапаттар тапсырылып, мемлекеттік қолдаулар көрсетілді. Олардың ішінде аз қамтамасыз етілген желтоқсаншылардың отбасыларына біреттік әлеуметтік көмек көрсетіліп, шипажайларға жолдамалар берілді.
Сондай-ақ, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың есімін ел арасына таныстыру мақсатында жергілікті БАҚ-та кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілді.