43 жасында алғаш рет ана атанған Майра Мұхамедқызы эфирде жылап қалды
Қазақ опера өнерінің жарық жұлдызы Майра Мұхамедқызы "Қазақстан" телеарнасына берген сұхбатында марқұм анасын еске алып, көзіне жас алды.
Сұхбат барысында әнші өзінің отбасы туралы да айта кетті. Әнші кез келген мәселеге қатысты отбасымен кеңесіп отыратынын сөз етті.
"Лауазымды қызметті ұсынған кезде, қызым мен жолдасымды отырғызып қойып, сұрадым. "Осындай қызмет ұсынып жатыр, өміріміз өзгеріп кетуі мүмкін. Қазіргі мынау ыңғайлы, рахат зонадан шығуымыз керек" дедім. Қызым да, жолдасым да қолдады.
"Кез келген жағдайға шыдаймыз, сені қолдаймыз" деді.
Анам әрқашан айтатын: "Балам, мен сегіз баланы дүниеге әкеліп, әнімді, сахнаны ешқашан тастаған емеспін. Отбасымыз тату-тәтті, әкеңмен бірге 60 жыл бойы бірге өмір сүрдім. Ондайға жеткен де, жетпеген де бар. Оның сыры - кішіпейілділікте, шаңырақты ұмытпа ешқашан, күліп кір, отбасыңның күн мен айы сен боласың. Сол кезде балаң да күлімдейді. Сен күлген кезде шаңырағың күнге айналады" деп. Сол рөлді ешқашан ұмытқан жоқпын", - дейді Майра Мұхамедқызы.
Екі жыл бұрын анасынан айырылып қалған опера жұлдызы қазіргі таңда ең үлкен арманы - 43 жасында дүниеге әкелген жалғыз қызы Аиданың бой жетіп, оң-солын танығанша жанында жүріп, жол сілтеу.
"Анамнан артық ешкімге сене алмадым. Анамнан ештеңені жасырмадым. Сондықтан, бұл өмірде анам боп өткен анама да рахмет айтамын, бала боп өткен мен де бақыттымын. Келесі өмірде кезіге аламыз ба, жоқ па - білмеймін. Өмірді түсіне алмайсың. Шаршап жүргеннен ғой. Тоғыз жастағы қызым тосыннан сұрақ қойды.
"Мама, біз келесі өмірде кездесе аламыз ба" деп. Таңғалатыным, тоғыздағы баланың сұрағы. Сонда ойланып қалдым, "мама, мен сені сондай жақсы көрем. Келесі өмірде де менің анам болғаныңды қалаймын" дейді. Қызыма кезігеміз деп айттым.
"Мен сенің әрқашан қасыңдамын. Мен кетіп қалсам да, қасыңдамын" дедім. 43 жасымда босанған қызым Аида үшін ауырмауға тиіспін, сақ, аман жүруім керек. Өйткені мына қызды мен аяғына тұрғызып, қиыншылықты еңсере алатындай кезіне дейін жеткізуім керек деп ойлаймын. Біз болжай алмаймыз. Не күтіп тұрғанын білмейміз", - дейді Майра Мұхамедқызы.