Жамбылдағы жарылыста жоғалған жігіттің қайда екенін көріпкел айтады
Байзақ ауданындағы жарылыстан бері 40 күн өтті. Алайда оқиға орнына кетіп, із-түссіз жоғалған өрт сөндіруші Бауыржан Дәуітбаев әлі табылмай жатыр. Журналист Гүлмира Әбіқай желідегі парақшасында Бауыржанның әкесінің талап-тілегін жеткізді. Дәуітбаевтар отбасы ендігі кезекте халықаралық кәсіби экстрасенстің көмегіне жүгінбекші.
Гүлмира Әбіқай жарылыстан кейін ұшты-күйлі жоғалған жігіттің туыстарымен сөйлескенін жазды. Ол Дәуітбаевтар отбасының ақиқатты естуге дайын екенін айтады.
- Адам үшін ең қиыны - белгісіздік, қобалжу, уайым. Бауыржанның жақындары "баламызды қойшылар құлдыққа ұстап әкетті" деп бір уайымдады, одан кейін 1 млн теңге сыйақы жариялады. Шырқыраған анасы Фатима апай "100 адам іздеп жатыр дейді, қайдағы мұнда бар-жоғы 15 адам. Неге барлық әскерилерді жұмылдырмайды? - деп өкпесін жайып салды.
- Із-түссіз жоғалған жігіттің туыстарымен кеше сөйлестім. Сонау Байқоңырдан әруақты Баян апамыз Бауыржанға қатысты деректі туыстарына мен жеткізуімді аманаттапты, айттым. Әкесі "күн санап үмітіміз азайып, күдігіміз көбейіп барады. Үкіметтен бұрын өзіміз іздеп сандалдық. Бақсы-балгер, құмалақшы дегеннің бәріне жүгіндік, уақыт өткіздік. Неге қорғаныс министрлігі халықаралық кәсіби экстрасенс тартпайды?” дейді. 40 күн оңай емес! Шынында да, іздестіру отрядынан қайыр жоқ болса, неге адам тағдырын дәл болжайтын көріпкелге жүгінбеске?! Не бар, не жоқ? Дәуітбаевтар ақиқатты естуге дайын, - деп жазды журналист.
Сәл кейінірек Гүлмира Әбіқай белгілі экстрасенс Камрян Самедовпен хабарласып, жоғалған жігітті іздеуге көмек сұрағанын мәлімдеді. Журналист бүгін кешке көріпкелдің және Бауыржанның жұбайы Ділнәздің қатысуымен тікелей эфир өткізуді жоспарлап отыр.
- Байзақтағы жарылыста із-түссіз жоғалып кеткен өрт сөндірушіні іздеу басталып кетті. Туыстарының өтінішімен бүгін әйгілі экстрасенс Камрян Самедовпен байланыстым. Ол шетелде жүр екен, уақыт қарбаластығына қарамастан өтінішімді қабыл алды. Фотосын жіберіп ем, туыстары қатыссын деді. Бейсенбі күні астана уақытымен 18-00-де менің парақшамда тікелей эфирге шығамыз. Бауыржан Дәуітбаевтың әйелі Ділнәз қатысады, - деп хабарлады ол.