«Бетім жанып, үстіме топырақ шашылып жатқанда ояндым» - Полковник Тараздағы жарылыс жайын баяндады
45 жастағы полковник Мейіржан Аймановтың анасы Айткүл Айманова ұлын өрт сөндіруші болуға өзі көндіргенін және оқуға тасығанын еске алады. Енді қара жамылып қалған ананың қолында ұлының артынан қалған бес немересі мен қаза болғаннан кейін берілген "Халық қаһарманы" атағы ғана бар. Бұл туралы Oinet.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
- "Өте жақсы адам еді. Қолдан келгенше, барлығына көмектесетін. Бұл жолы да сөйтті, басқаларды құтқарамын деп басын бәйгеге тікті. Балалар қазір мектепке барып жүр, әкелерін сағынады. Батырды өсіріп тәрбиеледім, бірақ одан не пайда? Одан да тірі болғанда ғой", – дейді өзегін өкініш өртеген ана.
Ал "Оңтүстік" өңірлік басқармасы, инженерлік әскер басқармасының бастығы, полковник Бақытбек Тәжібаев ТЖ кезінде сарбаздардың қалай құтқарылғанын еске алады:
- "Ана дүниеге аттандым деп ойладым. Бетім, аяқ-қолдарым жанып, үстіме топырақ шашылып жатқанда ояндым. Соңғы адам табылғанға дейін күтіп, құтқарды. Көмек келіп жеткенде, окоптан жағдайы ауыр азаматтарды алып кетіп жатты", – деп еске алады ол.
Ал 34 жастағы Бауыржан Дәуітбаевтің дене қалдықтары әлі күнге дейін жақындарына табысталған жоқ. Себебі өрт орнынан табылмады.
Өрт болған жердің әр сантиметрі қаралып жатқанымен, із-түссіз жоғалған адамнан ештеңе табылмаған.
- "Іздестіру жұмыстары бір күнге де тоқтаған емес. Бөлімнің ішінен де, айналадан да іздестірілуде. Бұл іске Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті мен Ұлттық гвардияның 500 қызметкері жұмылдырылды", – деді Ішкі істер министрілігі Тараз горнизоны медиаорталығы баспасөз қызметінің жетекшісі Дина Мухаринова.