Виктория Трегубова: Қазақша сөйлегенің - сол ұлтты сыйлағаның
Бүгін елордадағы Достық үйінде Қазақстан Конституциясы күніне арналған «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылдығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дөңгелек үстел барысында Мәжіліс депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы сараптамалық кеңесінің мүшелері, зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева еліміздегі тілдік ахуалға кеңінен тоқталды.
«Біздің бір ғана отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елбасымыздан бастау алған басты құндылық ұлтаралық, этносаралық келісімді сақтап, әрі қарай келесі ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Оны жоғалтуға хақымыз жоқ. Өйткені, келесі ұрпақтың алдында жауап береміз. Сондықтан ұлтаралық татулықты сақтап, мемлекеттік тілді үйреніп, ақырын-ақырын сөйлей бастауымыз керек», - деді Мәжіліс депутаты.
Ресейде туғанымен отбасылық жағдайға байланысты ата-анасымен Жамбыл облысына қоныс аударған Виктория Трегубова елімізде тілге байланысты кемсітушілік жоқ екендігін айтады.
Тіпті, мемлекеттік тілді жетік білген өзге ұлт өкілдерінің қазақтардың арасында абыройлы екендігіне назар аудартады.
«Қазақ тілін, қазақтың салт-дәстүрін білгендіктен, сыйлағандықтан болар, ешқашан қысым көрген емеспін. Керісінше, сыйлайды, құрметтейді, дәріптейді, әрқашан қолдау көрсетеді. Соны ғана әлі күнге дейін көріп келемін. Сондықтан айтарым, қазақ тілін білгенің сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, халқын сыйлағаның. Жалпы қазақ халқы әрқашан да өзге ұлт өкілдеріне қонақжайлық танытады. Әлі күнге дейін тілін білмесең де қамқорлықпен қарайды. Қазақ тілін үйренемін десеңіз де еш қиындық жоқ. Барлық жағдай жасалған, мектептен бастап тегін курстар да бар. Ниеті бар адам мемлекеттік тілді үйреніп алады.», - деді Виктория Трегубова.