Ауғанстан президенті қашқаннан кейін алғаш рет бейнеүндеу жариялады
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден қашқаннан кейін Facebook-парақшасында алғаш рет бейнеүндеу жариялады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Саясаткер БАӘ-де екенін, ал Кабулдан ақша алып қашты деген қауесет негізсіз екенін айтты.
- "Кабул құлаған күні не болғанын егжей-тегжейлі кейін айтып беремін... Ауғанстаннан кетуге мәжбүр болдым, себебі Кабулда қан төгілуіне себепші болғым келмеді", - деп келтірді оның сөзін РИА Новости.
- "Мен Кабулдан ақшамен кетіп қалдым деген айыптаулар шындыққа жанаспайды", - деді Ғани.
Сонымен қатар, ол жақында Ауғанстанға оралатынын айтты.
Ғани "Талибан" қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған - еск.) өкілдері Кабулға кірмеуге уәде бергенін, бірақ президент сарайын алдын ала қоршап алғанын атап өтті.
Ауған басшысы отандастарын өз халқын сатты және бас амандығы үшін қашып кетті деген сөздерге сенбеуге шақырды.
- "Егер біреу сізге "Президент сендерді сатып кетті, өзінің қаржылық мүддесі және жанын аман алып қалу үшін қашты" десе, сенбеңіз", - деді Ғани.
Президент Ауғанстанда оған дайындалып жатқан қастандық туралы хабарланғанын айтты.
Бұған дейін БАӘ СІМ Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мен оның отбасы елде екенін растаған.
Сондай-ақ, Ғани елден қашып бара жатқанда, мемлекет қазынасынан 169 миллион доллар жымқырды делінген болатын.