Алғаш рет "Теріскей толғаулары" антологиялық кітабы жарыққа шықты
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ұйымдастыруымен Түркістан қаласында «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ КҮЙШІСІ» атты кездесу іс-шарасы өтті.
Қасиетті домбыраны күмбірлетіп, қос ішектің үнімен ұлы сөзді, ұшқыр ойды ұғындырып пернеге тіл бітірген дәулескер күйшілердің қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан үлесін насихаттау, ел ішінде естілмей жүрген күйлерді жаңғырту, зерттеу мәселелеріне арналған басқосу барысында «Теріскей толғаулары» кітабының таныстырылымы мен тұсаукесері өтті.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қолдауымен жарық көрген «Теріскей толғаулары» кітабының авторы - Қазақ Ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының профессоры, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай.
Кітап Қорқыт баба мұрасының жалғасы Ықыластың шәкірті, Қаратау күйшілік мектебінің негізін қалаушы, күйші-композитор Сүгір Әліұлының мұраларына арналған.
Кітапта Сүгірдің 60 күйі және оның ұстаздары мен оның өнегесін көрген шәкірттерінің сирек орындалатын туындылары жинақталған.
- «Теріскей толғаулары» кітабы антологиялық сипаттағы әдебиет болады деп ойлаймын. Кітап арнайы кәсіби музыкалық білім беретін оқу орындарына оқу құралы ретінде, мәдени өнер ошақтарына музыкалық-танымдық әдебиет ретінде ұсынылады. Аталмыш еңбек Сүгір күйшінің мұрасын құрмет тұтатын барша оқырман аудиториясының қажетіне жарайтын әдебиет болады деп үміттенемін.
Кітаптың ішінде жаңалық өте көп. Басым бөлігі бұрын жарияланбаған күйлер. Кітапқа заманында
өзі өнеге көрген және батасын алған ұстаздары – Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы, Сайдалы сары Тоқа, Бапыш Қожамжарұлы, Сатыбалды Бегайдарұлы сынды халық күйшілерінің туындылары мен Сүгір мектебінің өкілдері, оның ішінде Асқар Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Көбдік Кәрбозов, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сынды көптеген композиторлардың күйлері кірді.
Сүгір Әліұлының орындалмаған күйлері өте көп.
Революцияға дейінгі, совет кезеңіндегі, Созақ көтерілісі, дала аңызы сияқты күйлері бірнеше тарауға бөлінеді.
Кітапқа енген күйлерді зерттеп, іздеп, нотаға түсіру, оларға музыкалық анализ жасау сияқты мәселелерге 15 жылдай уақытымды арнадым. Ал оны жарыққа шығаруға қолдау көрсеткен "Әзірет Сұлтан" қорық-музейі ұжымына көптен-көп алғысымды білдіремін!",-деді кітаптың авторы, белгілі күйші Жанғали Жүзбаев.
Онлайн форматта өткен жиынға "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Ботабайұлы Тәжібаев, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбекұлы Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Құлбек Сәрсенұлы Ергөбек, Қазақ Ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының профессоры, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Әлімханұлы Жүзбай, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, сүгіртанушы Мәди Байдәулетов, Сүгір Әліұлының ұрпағы, немересі Қалдан Тұрсынбаев, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының профессоры, «Халық аспаптары» факультетінің деканы Ержан Жәмеңкеев, Шымкент музыка колледжінің аға оқытушысы Марат Анашев және тарихшылар мен ғалымдар, жас күйшілер, ұлттық аспапта ойнаушылар қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі