Данияда тұратын қазақ: Мұнда нан 3 доллар. Мұғалімнің жалақысы 5 мың доллар
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылықтың ауыр жылдарында шетелге ауып кеткен қазақтар көп. Бүгінде олардың көрші елдерде, Ауғанстанда, Иранда, Түркияда, Еуропа мемлекеттерінде тұрып жатқан ұрпақтары бар. Zamana.kz тілшісі таяуда солардың бірі – Қажы Әкбар Аюбимен сұхбаттасқан болатын.
– Данияда жұмысқа тұру жағы қалай? Айлық жалақы қандай көлемде?
– Бұл жақта айлық жалақы орташа есеппен 5 мың доллар болады. Мысалы, мұғалімдер айына 5 мың доллар жалақы алады. Дегенмен мұнда жұмысқа тұру оңай емес, бәсекелестік жоғары.
– Жалпы, ол елде халықтың тұрмысы қалай? Қымбатшылық бар ма? Мысалы, үй бағасы, азық-түлік, тауарлар бағасы қандай?
– Дания халқының тұрмысы жақсы. Ол тұрғындарының тұрмысы жағынан әлемде үнемі алғашқы «үштіктен» түскен емес. Адамдары ең бақытты ел деп бағаланатын рейтингтің маңдай алдында жүреді. Елдің экономикасы дамыған, халқының тұрмысы жоғары.
Мұнда балабақша, мектеп тегін, жоғары оқу орындарында білім алу тегін. Бала 18-ге толғанша оның есебіне айына 500 доллар түсіп тұрады. Егер ол кейін де әке-шешесімен бірге тұратын болса, олардың табысы есептеліп, балаға 200-500 доллар аралығында ақша беріліп тұрады.
Бұл елде аурухана қызметі де тегін. Құны 100 мың доллар болатын, ішкі ағза мүшелерін алмастыратын операция жасалса да тегін.
Жұмысқа жарамсыз адамдарға 2000 доллар жәрдемақы беріледі. Егер үйі жалға алынған болып, ақысын төлей алмай отырса, баласы балабақшаға баратын болса, оған да көмектеседі. Жұмысқа денсаулығы жарамай қалғандарға жәрдемақы, зейнетақы тағайындайды. Қысқасы, ең жарлысының өзінің тамағы тоқ, киімі бүтін, олар тіпті жылына бір мәрте шетелде демалып та қайта алады.
Ал бағалар жағынан айтар болсам… Мысалы, мен осыдан екі жыл бұрын ұлыма университетке жақын жерден 100 мың долларға аумағы 32 шаршы метрді құрайтын бір бөлмелі пәтер әпергенмін. Дәл қазір жылжымайтын мүлік құнын пәлен деп нақтылап айта алмаймын. Ал азық-түлік бағасы Қазақстандағыдан 30 пайыздай қымбат. Бірақ олар өте сапалы болып келеді. 1 бөлке нанды егер наубайханадан тікелей алсаңыз, 3 доллар тұрады, ал сауда орындарынан пакетке оралғанын 1 долларға жетпейтін ақшаға ала аласыз. 1 литр сүт 1 доллар тұрады. Бұл жақтың қойлары ірі, майлы келеді, сондықтан біз шағын, жас малдың етін тұтынамыз. Оны «қозы» дейміз. 16-20 кило ет беретін қозыны бұл жақта 100 долларға алуға болады.
Дания валютасы крон деп аталады. 1 крон Қазақстан валютасына шаққанда 65 теңге болады. Данияда қазір 1 литр бензин құны – 12 крон. Бұл бағаның 80 пайызы мемлекет қойған салыққа жатады. Жол жөндеу, оны тиісті дәрежеде сақтап тұру әрі экологияны автокөліктерден бөлінетін зиянды қалдықтардан сақтау үшін осылай жасалған.
Ал киім-кешек бағасы мұнда Қазақстандағыдан арзан тұрады. Мысалы, «Босс» фирмасының киімдері Қазақстандағыдан әлдеқайда арзан.