Цой 21-ші күні вакцина салмай қойды деп шағымданғандарға жауап берді
Әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың 21-ші күні Sputnik V вакцинасының екінші компонентін салдыра алмағандарына шағымданып жатқаны туралы ақпарат тарады - бұған дейін екінші вакцина салдыруға дейінгі аралық 45 күнге дейін ұлғайтылды деп хабарланған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі вакцина салудан бас тарту туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Мамыр айының басында Қазақстанның бас санитар дәрігері жаңа қаулыға қол қойған болатын. Оған сәйкес вакцинаның бірінші және екінші компоненттерін салдыру аралығы 45 күнге дейін ұлғайтылған. Бұрын бұл аралық 21 күнді құрайтын.
Қиясов кейін түсіндіргендей, мұндай шешім вакцина шығаратын Н.Гамалея атындағы орталықтың ұсынысы бойынша қабылданған. Бұл шешімді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да түсіндірді. Министр вакцина жасаушылардың сөзіне сілтеме жасай отырып, интервалдың ұзаруы адамдардағы иммундық жауаптың күші мен ұзақтығының артуына әкелетінін алға тартқан.
Сонымен бірге, министр вакцинаның екінші компонентін 21-ші күні алғысы келетіндер мұны еш қиындықсыз жасай алатынын да айтқан еді - тек тіркелген жеріңіз бойынша емханаға хабарласу жеткілікті.
Алайда, қазақстандықтар әлеуметтік желілерде 21-ші күні екінші компонентті салмай қойып жатқанына шағымданған. Олардың айтуынша, дәрігерлер бас санитар дәрігердің екінші компонентті қабылдау мерзімі 45 күнге дейін ұзартылады деген шешіміне сілтеме жасай отырып, вакцина салудан бас тартуда.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Министрліктің түсіндірмесі Денсаулық сақтау министрлігінің ресми telegram-каналында пайда болды.
- Денсаулық сақтау министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында жария болған дозалар арасындағы мерзімді қысқартқысы келетіндерге вакцина салудан бас тарту туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіндігін ресми түрде мәлімдейді. Вакцинаның екінші компонентін 21-ші күні салдыру мүмкіндігі сақталады, - деп хабарлады министрлік.