Мамин министрлер мен өңір әкімдеріне тапсырма берді
ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Oinet.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы жағдай туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.
Халықаралық рейтингтік агенттіктердің болжамдары бойынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 3%-дан астам деңгейде күтілуде. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында экономиканың нақты секторы тұрақты оң динамиканы көрсетуде. Экономика дамуының негізгі драйверлері — өңдеу өнеркәсібі (+6,1%), құрылыс (+9,7%), оның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру (+12,8%), сондай-ақ ауыл шаруашылығы (+3,1%). Қызмет көрсету секторының біртіндеп қалпына келуі байқалады. Ақпарат және байланыс саласында жоғары өсу қарқынына қол жеткізілді (+9,4%). Тұрақты өсім азық-түлік өнімдері өндірісінде (+3,1%), жеңіл өнеркәсіпте (+3,5%), оның ішінде киім өндірісінде (+19,9%) және тері өнімдері өндірісінде (+16,6%), химия өнеркәсібінде (+14,1%), түсті металдар өндірісін қоса алғанда (+5,4%), металлургия өндірісінде (+3,5%), машина жасауда (+21,2%), оның ішінде автомобиль жасауда (+19,6%), сондай-ақ фармацевтикада (+9,2%) байқалады.
Көмір өндіруде жоғары өсу қарқыны байқалады (+4,5%). Тау-кен өндірісін есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 13,3%-ды құрады. 2021 жылғы 4 наурызда ОПЕК+ мониторинг комитетінің отырысы өтті, онда Қазақстан үшін мұнайдың тәуліктік көлемін өндіруді 20 мың баррельге ұлғайтуды көздейтін жекелеген шарттар келісілді. Бұл тау-кен өндірісі секторындағы өсу қарқынын орташа ұлғайтуға мүмкіндік береді. Алматы және Ақмола облыстары негізгі көрсеткіштер бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуін қамтамасыз етті, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы 5 көрсеткіш бойынша қамтамасыз етті. Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді.
- Инвестициялық белсенділіктің жаһандық төмендеуі жағдайында сапалы инвестициялар тарту бойынша жоғары бәсекелестік байқалады. Отандық және шетелдік инвесторларды белсенді тарта отырып, жекешелендіру жоспарын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету қажет, — деді Мамин.
Жаңа жағдайда кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін іскерлік белсенділікті тікелей ынталандыру шаралары үш бағытта іске асырылады. Бұл – қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету, бизнеске жүктемені азайту, өткізу нарықтарына қолжетімділікті кеңейту. Үкімет басшысы министрлер мен өңірлердің әкімдеріне жұмысты жандандыруды, тиісті шаралар қабылдап, белгіленген мақсаттар мен міндеттерді нақты орындауды тапсырды.