Белгілі ғалым Асхат Аймағамбетовтың жүйесіне сын айтты (видео)
Белгілі ғалым, мемлекет қайраткері Жақсылық Құлекеев білім министрі Асхат Аймағамбетовке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. Бұл туралы ол "Қасқа жол" бағдарламасында айтты.
- Аймағамбетов жас жігіт. Жас болғаннан кейін идеясы да, ұсыныстары да көп болуы мүмкін. Бір жағынан маған ол туралы айту да қиын. Екінші жағынан, ол азаматтың алдына қойған шараларын іске асыруға тұсау болып отырған қоғамда үлкен нәрселер бар. Соның ішінде, мына пандемияға байланысты білім беру жүйесінің қашықтан оқыту жүйесіне көшіп кетуіне байланысты. Сондықтан, Аймағамбетовтың жасаған негізгі жұмысының барлығы осы қашықтан оқыту жүйесін мейлінше жетілдіруге бағытталып жатыр. Сондықтан, бұл оның мақсаты емес. Оның алдына қойып жасаймын деген нәрселері болды. Бірақ, өкінішке орай қосымша жағдайлар кері әсерін беріп, мақсаттарын орындауға кедергі жасап жатыр. Сондықтан, оның мына ісі жақсы, мына ісі жаман деп айта алмаймын. Негізгі күшін білім сапасы төмен Жоғары оқу орындарының лицензиясын алып жатыр. Ол да дұрыс нәрсе болар. Бірақ, лицензия беру, алудың процедураларын жеңілдетемін, өзгертемін деген нәрсемен білім сапасын жақсарту қиын. Дәл қазір білім жүйесінде үлкен реформалар бар деп айта алмаймын. Жалпы, Аймағамбетовтың жасап жатқан нәрселері Сағадиевтің кезінде жасалған көп кемшіліктерді түзеуге бағытталып жатыр. Сондықтан, мұның барлығы халықтың көңілінен шығып жатқаны дұрыс. Әліппе деген символ сияқты нәрселер. Сондықтан әліппені қайтаруды реформа деп қабылдауға болмайды - дейді мемлекет қайраткері.