Үшінші мегаполисте «Шымкент жастар лигасы» жобасы басталады
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен «Шымкент жастар лигасы» жобасы ұйымдастырылады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте белгілі болды.
Брифинг барысында Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева, Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ерлан Айтбаев және Шымкент қалалық Дене шынықтыру жəне спорт басқармасы бұқаралық спорт жəне инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мұхтар Шаханов «Шымкент жастар лигасының» ережесімен жан-жақты таныстырды.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Е.Айтбаевтың айтуынша, аталған жоба мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізу, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік пен табандылығын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында ұйымдастырылады.
Осы мақсатта барлық мектептерден футбол (ұлдар арасында), баскетбол (ұлдар арасында), волейбол (қыздар арасында), шахмат (ұлдар, қыздар арасында) түрлерінен лигалар және оларды қолдау бойынша фан-клубтар құрылады. Әрбір команданың атауы, ұраны, эмблемасы және команданың бірыңғай киім үлгісі жасақталады.
Лига 2021 жылғы наурыз-маусым айлары аралығында 2 кезеңде өткізіледі.
І кезең наурыз-мамыр айлары аралығында әр ауданның мектеп командалары арасында 4 топқа бөлініп өтеді. Нәтижесінде әрбір спорт түрінен Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарынан қалалық жарысқа 16 командаға жолдама беріледі.
ІІ кезеңде 16 команда арасында 1/8 финалдан бастап, 1/4 финал, 1/2 финал, финалдық ойындармен жеңімпаз командалар анықталады.
Жарыс қорытындысы бойынша спорт түрлерінен І, ІІ, ІІІ орын алған командалар диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Сонымен қатар, спорт түрлерінен «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік жетекші», «Үздік жанкүйер», «Үздік фан-клубы» «Үздік тәрбиеші», «Үздік білім беру мекемесі» номинацияларының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады.
Жобаның ұйымдастырушылары:
- Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы;
- Шымкент қаласы білім басқармасы;
- Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы