Түркістан облысында төселген жолдардан 2020 жылы 114 бұзушылық анықталған
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай «Сапалы жол - Адалдық алаңы» жобасы аясында 2020 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баспасөз мәслихатын өткізді. Түркістан облысының жолдарына жүргізілген мониторинг барысында 114 бұзушылық анықталған.
Брифинг барысында Мирас Асқарбайұлы «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жанынан құрылған жобаның негізгі мақсаты – автокөлік жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау мен жаңа төселген жолдардың сапасына қоғамдық бақылауды күшейту екендігін алға тартып, Департаментпен аталған жоба шеңберінде бүгінгі күнге дейін барлық қала/аудандарға қарасты республикалық, облыстық, аудандық және жергілікті жолдардың сапасына тұрақты негізде мониторинг жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, тұрғындардың арыз-шағымы негізінде «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері мен «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» өңірлік филиалы инженерлерінің қатысуымен жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, жалпы саны 114 бұзушылық дерегі, соның ішінде өндірістік-техникалық құжаттаманың жүргізілмегендігі, асфальт-бетон жамылғысындағы тегіссіздіктер мен жол төселімдерінің жамылғыларында сызаттардың болуы, сынулар мен ығысулардың орын алуы, жол жиектерінің бұзылғандығы және асфальт бетон жамылғысынан алынған сынамалар бекітілген талапқа сәйкес келмейтіндігі анықталғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, жылжымалы зертханалық көлігі арқылы күре жолдардан алынған сынамалар барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша мердігер мекеме басшыларына акт түзіліп, жаңадан салынған сапасыз жолдарды қайта қалпына келтіру бойынша жауапты қала, аудан әкімдеріне нақты ұсыныстар жолданғанын баяндады.
Айта кетсек, кемшіліктерді жою бойынша келтірілген ұсыныстардың негізінде тиісті жұмыстар атқарылып, бүгінгі күні 114 бұзушылықтың 97-сі (86%) қалпына келтірілген.
Сонымен қатар, баспасөз жиынында «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде өткен жылы Департаментпен 78 нысанға жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, жалпы құны 12 886,2 млн. теңгені құрайтын бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы бақылауда болғандығы атап өтілді.
Брифинг соңын қорытындылаған Мирас Қарғабай бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалау және жол төселімінің сапасы мен қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды күшейту - Агенттіктің қолға алған ірі жобаларының бірі екендігін тілге тиек етіп, алдағы уақытта облысқа қарасты автокөлік жолдарының сапасын бақылау жұмыстары әрі қарай да өз жалғасын табатынын БАҚ назарына жеткізді.