«Әскерге шақырылған жігіт терезеден секіріп кетті» - Қорғаныс министрлігі пікір білдірді
Оралда әскерге шақырылған жігіт әскери комиссариаттың терезесінен секіріп кетті. Қорғаныс министрлігіндегілер жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Oinet.kz.
Ведомствоның мәліметінше, әскерге шақырылған Виктор Кибко 2001 жылы туған және ол мерзімді әскери қызметке шақырылу керек болған.
- Оның әскери қызметке шақыртылудан босатылуына заңды негіз жоқ. Ол 2020 жылдың 30 қазаны мен 8 желтоқсаны аралығында бірнеше рет келмегендіктен, полиция қызметкерлері БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жиналу пунктіне жеткізген. Ол сол жерде терезені ашып, үшінші қабаттан екінші қабаттағы құрылыстың төбесіне секірген. Одан әрі қарай жерге түскенде жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, - деді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.
Ведомствоның хабарлауынша, жас жігіт әскери қызметтен қашқысы келген.
- БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажет шараларды жүргізді. Аталған жағдай бойынша материалдар Батыс аймақтық ІІМ Әскери-тергеу басқармасының Орал тобына жіберілді, - деді ведомстводағылар.
Министрліктегілердің айтуынша, азамат Виктор Кибкоға департаменттің лауазымды тұлғалары тарапынан ешқандай физикалық және моралдық зардап келтірілмеген.