Бүгін Асқар Сүлейменовтың туған күні
Осыдан 82 жыл бұрын (1938-1992) жазушы, әдебиет сыншысы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменов дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысында туған.
Қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. «Жұлдыз», «Парасат» журналдарында, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақстан Жазушылар одағында, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрда қызмет атқарған. Алғашқы сын мақаласы «Жол басы» «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жарияланған. Сүлейменовтің «Бесін», «Адасқақ», «Бесатар» прозалық шығармалары, «Арғымақ пен шабандоз», «Кек» драмалық жинағы, «Парасат падишасы», «Болмыспен бетпе-бет» сыни-эстетикалық еңбектері, әдебиет пен өнер турасында жүзден астам мақалалары жарық көрген.
Ол жаңа идеяларды генерациялауға, қоғамға, ұлтқа қызмет етуге, идеяшылдықтан азат жаңа әдебиет жасауға ұмтылды, өз идеялары үшін күресті. Сүлейменов шығармаларын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады: сыншылық, прозалық және драматургиялық кезеңдер. Алғашқы кезеңде ол көркем сын жанрына жекелік сипат танытуға ұмтылды, көркем шығарманы көркем мәтін қағидасынан тыс талдады.
«Түр туралы бірер сөз» мақаласымен әдеби ортада үлкен айтыс тудырған Сүлейменовтің көркемдік-эстетикалық ұстанымдары негізінен осы кезеңде қалыптасқаны айқындалды. «Өнердің өмірден айырмашылығы - өнер өмірден үйренбейді.
Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған идея жетеді» деп түсінген суреткер сыншы ретінде көркем шығармаға қояр биік талабын проза мен драматургияда жүзеге асырды. Ойы құнарлы, көркемдік құрылымы айрықша шығармалар туындатты. Прозалық кезеңде Сүлейменов шығармаларында ХХ ғасыр прозасының қағидалары толығымен дерлік көрініс берді, ол модернист қаламгер саналды. Қазақ әдебиетінде құбылыс ретінде бағаланған «Бесатар» повесі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен Созақ көтерілісін соны көзқараста зерделеді.
Суреткердің драмалық кезеңдегі шығармалары жаңа өнер философиясы аясында талдауды талап етеді. Қаламгер көркем аударма саласында С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», М.Булгаковтың «Жендеттер», Б.Брехттің «Сычуанның мерейі», Э.Хемингуэйдің «Бесінші колонна», Т.Уильямстың «Әйнек айуанхана», тағы басқа пьесаларын қазақ тіліне тәржімалады. Асқар Сүлейменовтің есімі Созақ ауданындағы өзі оқыған мектепке, Сарыағаш қаласындағы бұрынғы Ильич атындағы мектепке берілген.