«Бәріміз орыс боламыз деген азамат қазір Сенат депутаты» - желтоқсаншы
Осыдан 34 жыл бұрын қазақты қазақ басқарсын деген ұранмен алаңға шыққан жастардың қатарында болған желтоқсаншы Ермұханбет Қуандықов сұхбат берді. Ол сұхбат барысында сол кезде қазақтың тілі өлі тіл, біз енді орыс боламыз деп айтқан азаматтың бүгін де билікте жүргендігін айтты, деп хабарлайды Oinet.kz.
- Жатақханаға барып, студенттерді жинадық. Өйткені студенттерді ана тіліміз, тарихымыздың жайы қатты алаңдататын. Үш түрлі ұсыныс болды. Бірінші ұсыныс – қарсы екенімізді білдіріп, сабаққа бармай қояйық дедік. Бірақ біз сабаққа бармаған бір күнде Колбинді алып тастамайды ғой. Екіншісі –Мәскеуге хат жазу. Үшіншісі – алаңға шығып, наразылық білдіріп қайтып кету. Көңіліміздегі қарсылықты білдіру жолын іздедік. Бар болғаны осы еді. Жатақханадағы жиналыстан университет әкімшілігі хабардар болса керек, партия комитетінің басшылары келіп бізге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл партияның шешімі екендігін баса айтты. Осыдан кейін басқа факультеттің қыз-жігіттерінен хабар алдық. Казгуградтың ішінен таныс жігіттер алаңға кетіп бара жатыр екен. Біз де қосыла кеттік. Алдымыздан шыққан университтетік партия комитетінің хатшысы және комсомол комитетінен біраз мұғалімдері бізді заң факультетінің жатақханасына алып келді. Тағы да түсіндіру жұмыстары басталды. Сол жерде мен сұрақ қойдым. «Жарайды, партияның шешімі екен. Қонаевтың тұсында қазақ тілінің жағдайы мүшкіл болды. Қазақ болуға ұялатын болдық. Енді орыс келген кезде жағдайымыз не болмақ?» дедім. Бұған ешкім жауап бермеді. Тарихтан шумер деп аталатын халықтың тілі жоғалғанын оқығанымыз бар еді. Сол есіме түсіп, университтегі партия комитетінің хатшысына: «Сонда орыс келген соң біздің тіліміз де шумер тілі секілді өлуі керек пе?» деп сұрадым. Ол еш шімірікпестен: «Не армандап тұрсыңдар? Қазақ тілі бүгінгі күннің өзінде өлі тіл. Бұл тілдің келешегі жоқ. Біз бәріміз орыс боламыз» деді. Мұндай жауапты ешкім күткен жоқ еді. Барлығымыз абдырап қалдық. Сол хатшымыз еліміз Тәуелсіздік алғанда жоғары лауазымды қызметтерді атқарды. Соның ішінде министр де болды. Қазір Сенат депутаты - деді желтоқсаншы.