Байқаушылар штабының отырысы өтті
Еліміздің ең ірі қоғамдық бірлестігі Кәсіподақтар федерациясы келесі жылдың 10 қаңтарында өтетін сайлауға байқаушы ретінде қатысу туралы мәлімдеме жасаған болатын. Бұл мәлімдемені Шымкент қаласы және Түркістан облысының өкілдері де қолдады.
Осыған байланысты Шымкент қаласы мен Түркістан облысында арнайы штаб құрылып, екі штабтың алғашқы отырысы өткізілді. Мәжіліс және мәслихат сайлауының ашық әрі әділ өтуі үшін Шымкент қаласы бойынша 312 сайлау учаскесіне 293 байқаушы, Түркістан облысы бойынша 991 сайлау учаскесіне 881 байқаушы қатысады. Шымкент қаласының байқаушылар штабының төрағасы болып «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Серік Елемесұлы Әуесханов, ал Түркістан облысы байқаушылар штабының төрағасы болып "Түркістан облысы және Шымкент қаласының автомобиль көлігі және жол мекемелері" жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов сайланды.
Бұдан бөлек, 2020 жылдың 27 қарашасынан бастап Кәсіподақтар федерациясы аумақтық бақылаушылар штабының мүшелері үшін бірқатар онлайн-оқыту семинарларын өткізуде. Онлайн-оқыту семинарларына Шымкент қаласы және Түркістан облысының байқаушылар штабының мүшелері белсенді түрде қатысуда.