Тұңғыш президентке арналған ескерткіштер (фото)
Бүгін – Тұңғыш Президент күні. Қазақстан халқы бұл мерекені биыл тоғызыншы рет тойлап отыр. Мемлекеттік мерекенің шығу тегі 1991 жылдың 1 желтоқсанында елімізде өткен тұңғыш президент сайлауымен байланысты. Қазақстанның тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап елімізде және шетелдерде орналасқан монументтер мен ескерткіштерді хронологиялық ретпен тізіп шықсақ.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бүгінге дейін тұңғыш президентке бірнеше монумент, бюст, барельефтер орнатылған.
Елбасының Қазақстандағы ең алғашқы монументі Алматыда пайда болды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған "Қазақстан" мемориалдық-мүсіндік композициясы Тұңғыш президент саябағында орналасқан. Монументті 2011 жылы 11 қарашада сол кездегі қала әкімі Ахметжан Есімов ресми түрде ашты. Экс-әкім ашылу салтанатында ескерткішті қалалық сәулетшілер, құрылысшылар, дизайнерлер мен суретшілер одағының бастамасымен өз қаржыларына тұрғызғанын атап өтті.
Талдықорған қаласындағы ҚР Мемлекеттік рәміздер аллеясында Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір монументі орналасқан. 2016 жылы Тұңғыш президент күні қарсаңында монументті облыс әкімі Амандық Баталов салтанатты түрде ашып берді.
2020 жылы 3 шілдеде тұңғыш президенттің 80 жас мерейтойына орай Нұр-сұлтан қаласындағы Ұлттық қорғаныс университетінің алдына тағы бір ескерткіш қойылды. Пандемияның өршіген кезіне тұспа-тұс келгендіктен шараның ашылуына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн қатысты. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім болғандай ескерткіш қала әкімдігінің емес, Қорғаныс министрлігінің балансында.
Ал Нұрсұлтан Әбішұлына қойылған ең алғашқы ескерткіштер көпшілік ойлағандай Қазақстанда емес, шет мемлекеттерде пайда болды. 2005 жылы бірден екі ел Украина мен Қырғызстан Нұрсұлтан Назарбаевқа құрмет көрсетіп, ескерткіш орнатты.
Елбасының бюсті Украинаның Днепродзержинск қаласында өзі оқыған Днепродзержинск техникалық училищесінде қойылған. Бюст тарихи мәнге ие емес, ол аталмыш оқу орнының балансында деп жазады "Комсомольская правда в Украине" газеті.
Ал 2005 жылы Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында қойылған монумент Нұрсұлтан Назарбаевтың 65 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды. Ыстық көл ауданының сол тұстағы әкімі Турысбек Мансуров монументті қырғыздардың қазақтарға деген ыстық ықыласы үшін қойғанын атап өтті.
2010 жылы Түркия астанасы Анкарада Нұрсұлтан Назарбаевтың қоладан құйылған монументі ашылды. Ескерткіш Нұрсұлтан Назарбаевқа түркі әлемінің дамуына қосқан үлесі үшін Түркияның экс-президенті Абдулла Гюльдің бастамасымен тұрғызылған.
2012 жылы Молдова құрамындағы Гагаузия автономиясында елбасының тағы бір бюсті пайда болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші Комрат қаласындағы Даңқ аллеясында орын тепкен. Гагаузия билігі түркі әлемінің беделді саяси тұлғаларына осылай сый-құрмет көрсетпек болыпты. Аллеяда одан басқа Түркияның бұрынғы президенті Сүлеймен Демирел мен Әзербайжанның экс-президенті Гейдар Әлиевтің бюсттері бар.
Бұдан басқа елбасының бейнесі астанадағы 2009 жылы ашылған "Қазақ елі" монументінің композициясында қашалып жасалған. Қола барельеф "Тұңғыш президент және Қазақстан халқы" деп аталады.
Сондай-ақ Тұңғыш президенттің мүсіндері өз туған ауылы Үшқоңырдағы (Алматы облысы) музейде, Нұр-сұлтан қаласындағы Қазақстанның Тұңғыш президенті кітапханасында тұр.