Жаңа әуежайға жұмсалған 76 млн теңге ауаға ұшқалы тұр

Oinet.kz 27-11-2020 914

Қызылорда облысына жаңа әуежай салу үшін осыған дейін бюджеттен жұмсалған 76 миллион теңге ауаға ұшқалы тұр. Оған себеп - дайын тұрған жобадан облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың "өте қымбат"деп бас тартуы. Әкім ақшаны үнемдеу үшін ескі әуежайды ретке келтіретінін айтты. Бұл туралы Oinet.kz  "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

image.png

- Осыған дейінгі жобаға жоспарланған 18 миллиард теңге өте қымбат болды. Біз қазіргі дағдарысқа орай одан бас тарттық. Түркістан мен Байқоңырда үлкен әуежайлар бар. Соны ескеріп қазіргі әуежайды үлкейту үшін жұмыс жасалады. Ал оның жобалық - сметалық құжаттары осы жылы дайын болады, - деді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Апта басында елордадағы сұхбатында Гүлшара Әбдіқалықова Қызылордаға жаңа әуежайдың салынбайтынын айтқан еді. Алдыңғы әкімдердің бірнеше жылғы жоспарын қолдамаған басшы, одан азырақ ақшаға ескі әуежайды қайта жөндеу жұмыстарын жүргізетінін айтты. Оны жобалау үшін қазірдің өзінде бюджеттен 30 миллион теңгеден аса ақша жұмсалған. Бірақ осыған дейінгі әкімдер жаңа әуежайдың тек концепциясын дайындауға бюджеттен 76 миллион теңгені шығын қылған екен.

- Егер 2015-2017 жылдары аэропорт салуға көзделген қаржы болмаса, республикамен шешілмеген мәселе болса не себепті облыстық бюджеттен ақша жұмсалынған, - деді қоғам белсендісі Ләззат Бақтыбаева.

Осылайша тұрғындар бюджетке тиесілі миллиондардың есепсіз жұмсалып жатқанына қынжылады. Ал жауапты басқарма басшыларының айтуынша, қазір облысқа кең әуежай керек.

- Қазіргі терминалдың тарлығы - ең басты мәселе. Жолаушыларға тиісті деңгейде қызмет көрсетуге мүмкіндік болмай отыр, - деді Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тілеуов.

Жауапты басқарма ескі әуежайды кеңейту үшін республикалық бюджеттен тағы ақша сұрамайтындарын жеткізді. Ал 76 миллион теңге жұмсалған жаңа әуежайдың жобалау жұмысы жалғасын таба ма, жоқ па белгісіз. Облыс белсенділері жоспарсыз жұмыс істеген басшылардың кесірінен қаншама ақша ел игілігіне емес, желге ұшатын болды деп налиды.

Елбасы жаңа театр әртістерімен бірге ән шырқады
Түркістан: Департамент басшысының бірінші орынбасары Қазығұрт ауданының активімен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу