Қожабаевты қандай жаза күтіп тұр?
12-06-2023
Түркі әлемінің тұлғасы Қожа Ахмет Ясауи тарихын қайта түгендеу, балалық шағынан бастап шәкірттеріне дейінгі толыққанды мәліметтерді топтастыру, тың деректер іздеу мақсатында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен қолға алынған "Ясауи ізімен" тарихи-деректі экспедиция сырлы Созақ өңіріне барды.
Әулиелер мен түркі жұртына тамыр жайған тұлғалары бар, 500-ден аса тарихи, киелі, шежірелі орындар мен кесенелерге бай Созақ ауданы әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің тарихымен де тығыз байланысты. Түбі бір түркі жұрты тарихына қанат жайып, әлем алдында өзіндік терең тамыры мен танымын айқындап, айшылық алыс жердегі күллі қауымға бас идірген Қожа Ахмет Ясауидің шыққан тегі мен бабалары да даналық пен даралықтың ерекше жаратылыс иелері екенін аңғаруға болады.
- "Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тарихы жайлы білгенімізден білеріміз әлі де көп. Ясауидің ізімен жүріп ата-анасы мен бабаларынан бастап тарихын зерделеп, шәкірттеріне дейінгі мәліметтерді тереңдей зерттеу, іздестіру - алдымызға қойған басты мақсаттардың бірі. Әрбір ұрпақ Ясауи десе көк күмбезді кесенені ғана елестетіп қоймай оның шыққан тегін, тарихи тұлғалармен байланысын да білуі абзал. "Ясауи ізімен" тарихи-деректі жобасының да көздегені осы. Ясауи ілімі де қаншама елдерге таралған. Алдағы уақытта Ясауи жолымен жүре отырып, ауқымды дүниелерді топтастыруымыз тиіс", - дейді "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Экспедиция мүшелері ең бірінші кезекте дала түріктеріне Ислам дінін ең алғаш таратушылардың бірі, Мұхаммед ( с.ғ.с.) Пайғамбарымыз бен Әзірет Әлінің тікелей ұрпағы болып келетін, елдің мәдени, рухани өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан Ысқақ баб кесенесіне барды. Тарихи шежірелерде Ысқақ бап Пайғамбарымыздың тікелей нәсілі, яғни өзінен санағанда алтыншы, әкесінен бермен есептегенде бесінші ұрпағы ретінде айтылады. Ал, бүкіл Түркі дүниесіне әйгілі Қожа Ахмет Ясауи Ысқақ баптың кіндігінен тараған ұрпағы саналады.
- "Шежіре-насабнамелерде Ысқақ баб Түркістанға хижра санауы бойынша 150 жылдары келді деп көрсетілген. Сол кездегі дала түріктерінің ең шеткі шекарасы болып саналған Қаратаудың терістігіндегі Қаракөз бұлағының басына қоныс теуіп, осында қоныстанған. Мешіт, медресе салып, бала оқытып қазақ тайпаларының Исламға көзін ашқан. Сол жерге жерленіп, басына сағана тұрғызылған. Содан бері ұлы шайхының жатқан жерін жергілікті халықтар Баб-ата деп атап кеткен", - дейді Созақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғайша Балаубекова.
Кесене бұрынғы Баладж деп аталатын қала орнына салынған. Кесене үйі өзінің құрылысымен, салыну тәсілімен ерекшеленеді. Мұнда негізінен екі күмбез бар. Бірі – үлкен, екіншісі-кіші. Кішісінің астында Ысқақ баб әулие және әйелі, балалары жатыр. Артқы кіші күмбездің диаметрі 25 – 27 метрдей болса, үлкені - 36 метр. Үлкен күмбездің астында «жаназа намазы «оқылады деп есептелген. Ысқақ баб мешіті сырттай қарағанда Ахмет Ясауи кесенесін еске түсіреді. Ысқақ баб туралы зерттеу жұмыстары белгілі ғалымдар Колосовский, Аристов, Кастанье және жергілікті қаламгерлер М.Жәмеков, Д.Тұрантегінің еңбектерінде көрініс тапқан",- дейді жергілікті өлкетанушы, тарихшы Бекжан Көпжасарұлы.
Ел қарияларының айтуына қарағанда, дін уағыздаушылары Ысқақ бабтың сағанасына мешіт-мазар салуды 1883 жыл шамасында қолға алған десе, зерттеуші –ғалым В.Колоссовский 1901 жылы Ысқақ баб сағанасына 1025 жыл болғанын жазып қалдырған.Сонда сағана 876 жылы салынған боп шығады. Сағана – мешіт үйімен бірге медресе іргесі де қатар қаланған. Олардың кірпішін күйдіретін ошақтар – тандыр пештердің орны әліге дейін сақталған.
-"Ысқақ бап елді шапқыншылықпен емес бейбіт жағдайда ақыл-парасатпен иландырып, дінді мойындатқандығы туралы аңыз-әңгімелерді де жиі кездестіруге болады. Ал, Кеңес дәуірінде кесенені жермен-жексен етуден сақтау үшін жергілікті халық арнайы қойма етіп, астыртын күтіп-қараған", - дейді кесененің шырақшысы Әнуаров Ахмет қария.
Сапар барысында Қожа Ахмет Ясауидің жақын туысы әрі жаназасын оқыған белгілі дін өкілі Қарабура кесенесі және Баба Түкті Шашты Әзіздің тарихымен танысқан экспедиция мүшелері әйгілі қолбасшы береке мен бірліктің символы болған Тайқазанды Қарнақта құйған шебер Әбдуләзиздің Созақ ауданына жерлену тарихы жайлы жергілікті өлкетанушы-тарихшылармен тілдесті.
Өлкетанушы Нұрмахан Сейітмаханұлының айтуынша жергілікті халық Әбдуләзиз жерленген жерді «Қазаншы ата әулие қорымы» деп атайды.
Әулие атына байланысты әңгімелерге қарағанда Әбдуләзиз ұста әйгілі Әмір Темірдің бұйрығымен Тайқазанды құйып бітірген соң, шеберге риза болған Қожа Ахмет Ясауи аян беріп, Меккеге сапарлатып, жерленетін топырағы Қарабура әулие кесенесі жанында болатынын сездірген дейді. Сол себепті Қазаншы әулие мен Қарабура әулие кесенесі бір-біріне жақын жерде орналасқан.
Қожа Ахмет Ясауи тарихымен байланысты сырлы Созақ өңірінде жерленген тұлғаларға қатысты зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Алдағы уақытта тарихшы-шежіреші қариялар мен өлкетанушылардың мәліметтері және түрлі жазба деректер жинақталып, арнайы кітаптар мен деректі фильмдер даярланады.
Сондай-ақ, Ясауидің ұстаздары мен Қазақстандағы және 20-ға жуық елге таралған шәкірттері жайлы зерттеу жұмыстары жалғасын табады.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі