Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков биылғы тоғыз айда облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша атқарған жұмыстары туралы онлайн режимде есеп берді. Есептік кездесу карантиндік іс-шараларға байланысты Полиция департаментінің “Facebook” және “Instagram” парақшаларында тікелей эфир арқылы жүзеге асырылды.
Жалпы, жыл басынан бері Полиция департаментінің қызметкерлері күнделікті қызметте түрлі оқиғаларға кезігіп, сан алуан істерді атқарып келеді. Олардың барлығын талдап, саралап, нәтижесімен бөлісу үшін есептік кездесуде департаменттің тоғыз ай атқарған жұмыстарына байланысты бейнефильм көрсетілді. Фильмде департамент қызметкерлерінің қылмысты азайту үшін атқарған істері, адам тағдырын сақтауға нық қадамы бейнеленген. Сюжет ақпанның 2-сі күні Жетісай аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы, полиция капитаны Марат Нұрымбетовтің 12 жастағы баланы судан құтқару оқиғасымен бастау алады. Оқиға орнына 3 минутта жедел жеткен тәртіп сақшылары суға ағып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалу үшін жанталасады.
- Бар ойымыз - баланы аман алып қалу болды. Каналдағы су көтеріліп, арнасы толып тұрған болатын. Жеткен кезде көліктен шығып, киімімді шештім де, суға сүңгіп кеттім. Баланың ағып бара жатқан жағына қарай алдынан шығып ұстап қалу үшін, барымды салып жүзе бастадым. Осылайша баланы құтқардым. Бастысы, бала аман! - дейді батыр полицей.
Сондай-ақ фильмде тоғыз ай бойына тіркелген құқық бұзушылықтардың статистикасы, былтырғы жылмен салыстырғандағы қылмыстың орын алу жағдаяттары сарапталады. Әлемді шарпыған індет кезінде полицейлердің атқарған міндеті сөз болады. Мақтаарал ауданында орын алған су тасқыны кезінде 303 полиция қызметкері құтқарушылармен бірлесіп, 14500 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Сюжет облыс көлемінде түрлі деңгейде (тонау, мал ұрлығы, т.б) қылмыс жасаған қылмыскерлердің қалай анықталғанымен өрбиді. Қырағы тәртіп сақшыларының бірнеше жылдан бері заң бұзып келген қылмыстық топтарды құрықтау фактілерімен толыққан.
Мемлекет аумағында заңның сақталуы қоғамдық тұтастықпен сабақтас. Тәртіп сақшылары заңды ғана емес, карантин режимінде адам өмірінің қауіпсіздігін қоса сақтады. Мақсат – құжат толтырып, айыппұл белгілеу емес, адамдардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Аталған шаралардан бөлек, департамент қызметкерлерінің әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсеткені бейнеленеді. Одан ары қарай есептік шара баяндамамен жалғасын тапты. Тоғыз айды қорытындылаған Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков өңірде қылмыстық құқықбұзушылықтың 26,6 пайызға, ал қылмыстың 27,5 пайызға азайғанын атап өтті. Өткен жылы 6393 қылмыс анықталса, биыл бұл көрсеткіш 4694 болған. Өз кезегінде тұрғындар тікелей эфир арқылы көші-қон, кадр, патрульдік полиция бойынша сауалдарына нақты жауап алып, полицияның атқарған жұмысына оң баға берді. Желі қолданушыларынан толассыз түсіп жатқан сауалдардың барлығына облыстың бас полицейі Қайрат Дәлбеков ашық та нақты жауап беріп отырды. Оған қоса полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков: Облыс көлемінде Президентіміз бен Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың тапсырмалары полиция қызметкерлерімен тиянақты орындалып, жұртқа жақын және ашық болу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді. Сондай-ақ желі қолданушыларына департаменттің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары мен жеке өзімнің парақшам тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп тұрады. Сондықтан кез-келген уақытта сауалдарыңызды сол жерге жолдап немесе менің қабылдауыма жазылып, тікелей келулеріңізге болады. Мен сіздермен байланыс жасап кездесуге әрқашан дайынмын!, – деді.
Б. БӨРІБЕК