Министрлік маңызды мәлімдеме жасады
Коронавирустың екінші толқыны ұзаққа созылады. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық орталық маманы осындай болжам жасады, деп хабарлайды Oinet.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Екінші толқынның ұзаққа созылатынын денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталық басшысының орынбасары Бауыржан Жүсіпов мәлімдеді. Оған екі себер бар, дейді маман.
- Біріншіден, қазіргі коронавирустың толқыны респираторлық кезеңге тап келді. Тұмау, не басқа жұқпалы ауру қазанда басталып, сәуірде аяқталады. Демек, осының өзі коронавирус таралу мезгілін созуы мүмкін. Екіншіден, медицинада инфекция тез шарықтау шегіне жетсе, тез қайтады деген қағида бар. Бірақ біз қазіргі вирустың олай қатты тарағанын көріп отырған жоқпыз, - деп түсіндірді ол.
Маманның айтуынша, соңғы аптада өршіген коронавирус желтоқсан айында келеді деп болжанған екінші толқынға ұласуы әбден мүмкін. Cоңғы дерек бойынша, Қазақстанда өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған тағы 564 адам тіркелген. Осылайша, жалпы ел бойынша коронавируспен ауырғандар саны 117 336-ға жетіп отыр.