Халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер Қазақстанға депортацияланды
"Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы барысында бұған дейін сотталған Нұр-Сұлтанның 35 жастағы тұрғыны Оңтүстік Кореядан Қазақстанға депортацияланды, деп хабарлайды Oinet.kz.
Халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер алаяқтық жасады деп айыпталуда.
Бұрын Lexus 570 маркалы автокөлігін автотұрақтан заңсыз алып шығып, оны үшінші тұлғаға сатқан, осылайша автокөлік иесіне 19 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Жазадан құтылуды мақсат етіп, күдікті ел аумағынан кетіп, осы уақытқа дейін Оңтүстік Кореяда болған.
Қазір қылмыскер Нұр-Сұлтанның уақытша ұстау изоляторына қамалды. "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, 26 қазан мен 1 қараша аралығында елорда аумағында "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу шарасы өтеді.
Операция барысында полиция қызметкерлері кезекшілік тәулікте 40 қылмысты ашты, 1,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 260-тан астам спирттік ішімдіктер ішу фактісі, тыныштықты бұзғаны және ұсақ бұзақылық үшін 231 адам жауапкершілікке тартылды.
Іс-шара аясында бұрын жасалған 27 қылмыс ашылды, іздеуде жүрген 9 қылмыскер ұсталды. Екі күн ішінде тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағаны немесе алып жүргені үшін 18 заңсыз иммигрант пен 20 адам ұсталды.