Халық қатысатын бюджеттік жобалар келесі жылы жүзеге асады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Халық қатысатын бюджет» жобасы 2021 жылдан бастап қаладағы аудан әкімі аппараттары деңгейінде жүзеге асырылады. Осыған орай Шымкент қаласында жүзеге асыру бойынша қала әкімімен іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберді Мүлкеманов мәлімдеді.
– Қала тұрғындары әкім аппараты құзыретіне кіретін салалар бойынша ұсыныс бере алады. Ұсыныстар екі апта шеңберінде «Open-shymkent.kz» сайтында қабылданады. Оларға төмендегідей талаптар қойылады: біріншіден, жоба бір ұсыныс шеңберіндегі бір өтінім, бір объект, бір автор болуы шарт. Одан бөлек, аудан аумағында іске асырылатын, коммуналдық меншіктегі жер учаскесі болуы міндетті, – деді Рахымберді Жанысбекұлы.
Спикердің сөзінше, жинақталған ұсыныстар аудан әкімі аппаратында құрылған Сараптамалық кеңеске ұсынылады. Сараптамалық кеңес арнайы талаптарға сәйкестігін қарап, жобалар тізбесін іріктеп, дауыс беру үшін сайтқа орналастырады. Ал оның нәтижесі бойынша көп дауыс жинаған жобалар келесі жылы аудан әкімі аппараты арқылы жүзеге асырылады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялығы орталығы