«Мұндай үкімге келіспеймін»: Жанболат Мамай
03-03-2023
2019 президенттік сайлауға түскен саясаткер, журналист Әміржан Қосанов биылғы кезектен тыс президенттік сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әміржан Қосанов 2019 жылы өткен президенттік сайлаудың қорытындысын мойындап, мен біраз сынға да ұшырағанын айтты.
“Бірақ, біреу келісер, біреу келіспес, билік сол жолы өліспей беріспейтін еді, оның арты сұмдық сойқанға ұласып, бас жарылып, қан төгілуі мүмкін еді. Сондықтан өз басым сондай қиын, сол кезде екінің бірі түсінбеген шешім қабылдап, халқымды қанды қырғыннан құтқарып қалдым деп есептеймін. Ол сөзімнің растығын Қанды қаңтар көрсетті: сол күнге дейін "қазақ қазаққа қарсы оқ атады" деп кім ойлады?! Сол себепті ел алдында арым таза. Ал ол қадамымды түсінбегендер, өз ойында қала берсін, мен оларды өзгерте алмаймын. Мен – жеке бас амбициямды емес, елімнің амандығын ойлайтын азаматпын. Сол принципімде қала беремін! Осы сайлауға қатысуым не қатыспауыма қатысты бірқатар БАҚ, азаматтардың әлеуметтік желілердегі, мессенджерлердегі сұрақтарына жауап бере отырып, бүгін мен 2022 жылғы президент сайлауына қатыспайтыным туралы мәлімдеймін”, – деді ол.
Ол сайлауға қатыспайтынын, өйткені саяси доданың өзі күлкілі сипат алып бара жатқанын атап өтті.
"Сайлаудың өзі күлкілі сипат алып бара жатыр. Ел ызалы, әбден ашынған, таусылған. Осының бәрі бір күнде бұрқ ете қалуы мүмкін.
Сайлау нәтижесі жарияланар күні саяси тартыстың апогейіне айналып, ел ішіне іріткі салар әртүрлі ұрандар көтеріліп, толқулар болуы ықтимал. Оның үстіне, антитоқаевшыл күштер ел ішіндегі наразылықты өз мүддесінде пайдаланып, антиқазақтық, антимемлекеттік сипат алып, бір күннің ішінде шаңырағымызды төңкеріп тастауы мүмкін!
Жағдайдың бір ерекшелігі сол: оппозициялық позиция ұстанған кез келген кандидат ел қолдауына ие болары сөзсіз. Ал билік сайлау нәтижесін бұрмаласа, қарсылық одан бетер өршіп кетері анық.
Өкімет болса, билікті өз қолымен бере қоймас.
Сол кезде Қанды қаңтар қайталануы әбден мүмкін! Елімнің, халқымның амандығы – мен үшін басты мұрат! Сондықтан мен сондай қауіпті, елдің іргесін шайқалтар дүмпудің бір себебі болғым келмейді", – деді Қосанов.
Оның айтуынша, осының бәрін ол осыдан 3 жыл бұрын, сайлау қорытындыларын мойындау кезінде айтқан.
"Ол кезде көп адам мен айтқан қауіптерге сене қоймады. Бірақ 2022 жылғы Қанды қаңтар менің алаңдаушылығымды растап шықты. Сол кезде мен елде дүрбелең бола қалса, ішкі және сыртқы қауіптер өршіп, мемлекеттігімізден айрылып қалуымыз мүмкін дегенді айтып едім. Осы жолы да сондай қауіп бар. Халықтың әбден шаршағаны рас. Күн көру қиындап барады. Тоқаев жақсы бастамалар көтергенімен, тапсырмалары орындалып жатқан жоқ", – деді ол.