Түркістан: Сыртқы талдау нәтижелері «Nur Otan» партиясының алаңында талқыланды
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен «Nur Otan» партиясының Түркістан облысы филиалының бірлескен отырысы өтті.
«Nur Otan» партиясының Түркістан облысы филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Уалихан Рахиевтің төрағалығымен өткен жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен облыстық «Nur Otan» партиясының өкілдері қатысты.
Қоғамдық кеңес отырысында Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментімен жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері филиал өкілдеріне таныстырылып, облыстық филиалдың тарапынан қоғам індетінің алдын алу бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.
Жиын барысында сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Нұрлан Құдайбергенов ағымдағы жылдың 9 айында Департаментпен 9 мемлекеттік мекемеде жүргізілген ішінара талдаудың нәтижесінде мемлекеттік органдардың қызметінде нормативтік құқықтық актілер мен ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтегі бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, атап айтсақ мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға тұрғынжай беруде кезектілікті сақтамау, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында туындайтыны анықталғанын баяндап, соған сәйкес тәуекелдерді жою мақсатында Департаментпен 73 ұсыныс жолданғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Департамент тарапынан мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде бірқатар ұсыныстар енгізіліп, соның негізінде жыл басынан бері 822 млн. теңгеден астам сома үнемделгенін жеткізді.
Жиын соңында Департамент пен «Nur Otan» партиясының Түркістан облысы филиалы алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқарып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін мониторинг жұмыстарын тұрақты негізде жүргізілетіні атап өтілді.