Президент балаларға бірінші кезекте қазақ тілінде білім беру керектігін тағы қайталады
Oinet.kz хабарлайды - Білім беру үрдісінде басты назар мемлекеттік тілде болуы керек. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев твиттердегі парақшасында жазды.
"Балаларға білім беру үрдісінде басты назарды мемлекеттік тілге, қазақ тіліне беру керек. Орыс тілін де оқыту керек, себеп түсінікті. Ағылшын тілін де оқыту қажет, екі тілмен қатар емес, кейінірек меңгеруге болады. Осылайша, үш тілді, болашаққа ашық көзбен қарайтын ұрпақты тәрбиелейміз" - деген Президент парақшасында.
Естеріңізде болса, Президент бұған дейін елордада өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте Үкімет мүшелерінің баяндамаларын талқылау барысында: «Бұл – өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек», – деп айтқан болатын.