Келесі премьер Сауат Мыңбаев болуы мүмкін

Oinet.kz 08-09-2020 2204

Сарапшылардың пікірінше, праймериз аяқталмай жатып Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат сайлауының уақыты белгіленеді. Болжам бойынша сайлау желтоқсан немесе қаңтар айында өтеді.

image.png

Сайлаудан кейін Үкімет отставкіге кетеді. Бұл болжам емес, ақиқат. Себебі соңғы жылдары Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Мәжілістің алдында өзінің өкілеттігін доғарады. Одан әрі жасалатын рәсімдер мен жоралғылардың жай-жапсары айтпаса да белгілі ғой. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа премьердің кандидатурасын Парламентке ұсынады. Жаңа премьер қызметіне тағайындалған соң министрлердің мәселесі шешіледі. Үкіметтің құрамында кім қалады?  Кім қызметінен кетеді? Мұның бәрі де уақыттың еншісіндегі дүние. Десек те, қазіргі премьер Асқар Мамин Үкіметті екінші қайтара басқармауы мүмкін. Тоқаев шілдеде коронавирусқа қарсы күресте дәрменсіздік көрсеткен  үкіметтің жетекшісінен мейілінше ертерек құтылуға тырысады. 

Осындай мәліметтерді телеграмм каналындағы деректерге сілтеме жасаған қырғызстандық knews-kg ақпарат порталы таратыпты. 

Ұзынқұлақтан жеткен ақпараттарға қарағанда, жалпы соңғы уақытта Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасында салқындық бар көрінеді. Мәселен жуырда Маминді қабылдаған Тұңғыш президент Тоқаевты аузына алмаған. Тіпті ақпарат порталы соңғы уақытта Тоқаевтың тағынан тайдыру мәселесінің де қарастырылып жатқандығын жазыпты. Алайда мұндай байлам жасауға ешқандай негіз жоқ сияқты. Қайбір жолы қырғызстандық ақпарат құралдары жақын арада Назарбаевтың билікке қайтып оралатындығы туралы негізсіз мәлімет таратқан болатын. Алайда Назарбаевтың енді билікке қайтып оралуы мүмкін еместігі, оның ешқандай заңдық негізінің жоқтығы айтпаса да түсінікті емес пе?!    

Ұзынқұлаққа сүйенген ақпараттарда Қазақстанның жаңа премьер-министріне қатысты мәліметтер де кездеседі. Соңғы жылдары Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының жетекшісі Сауат Мыңбаевпен жақындығы байқалатынға ұқсайды.  Дәлірегі Ақорда Мыңбаевты  Маминнің орнын басатын ең ықтимал кандидат ретінде қарастырып жатқан көрінеді. Алайда Мыңбаевтың кандидатурасы Тұңғыш президенттің айналасындағыларға ұнамайтын болса керек. 

Бұл ақпараттың қаншалықты негізді екендігін білмедік, бірақ Мыңбаевтың Қазақстанның жаңа үкімет басқаруға келуін жоққа шығаруға болмайды. Биыл 58-ге болатын Мыңбаев  Мәскеуде білім алған. Мемлекеттік қызметтегі жұмысын 1995 жылы Қаржы министрінің орынбасары лауазымынан бастаған. 25 жылдық карьерасында Сауат Мыңбаев Қазақстанның бес министрлігіне басшылық жасаған. Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, екі мәрте вице-премьер  лауазымын атқарған. Соңғы жылдары мұнай және газ министрі, одан кейін «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясына жетекшілік етті. 2018 жылдың қарашасынан бастап Қазақстан темір жолында басқарма төрағасы лауазымын атқарады. 

Сауат Мыңбаев премьер болар, болмас, бірақ қалай десек те, осы жолы Тоқаев жаңа премьердің кандидатурасына таңдау жасауда ұзаққа толғанатындығы анық. Өйткені індет жайлап, экономикалық дағдарыс күтіп тұрған сәтте елдің тағдыры, келешегі, түптеп келгенде халықтың  билікке деген сенімі тікелей Тоқаевтың таңдауымен байланысты болмақ.

Әр қазақстандық шетелге 9 мың доллар қарыз
Көпбалалы ана Аймағамбетовке маңызды үндеу жасады (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу