Твиттерді қолданатын Тоқаев әкімдерге әлеуметтік желілермен жұмыс істеуді тапсырды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге қоғамдық сауалдарға тез жауап беруді тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
«Біз қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл-күйін уақтылы білуіміз және оларға дер кезінде жауап беруіміз керек. Қоғамдағы ахуалды бес саусақтай біліп отырған абзал. Әсіресе, сайлау алдындағы кезеңде әкімдер қоғамдық сұрауларға тез жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн.
Әлеуметтік желілермен тиянақты жұмыс істеу керек. Мессенджерлерде түрлі топтар ашып саясатты түсіндірген оңай. Осы арқылы қоғамдағы ахуалды қалыпты түрде басқаруға болады. Халықпен кері байланыс әлі дамымай тұр. 17 әкімдіктен төртеуінде ғана Колл орталықтар бар. Сондай-ақ, жеті өңірде ғана мобильді халықтық бақылау бар», - деді Тоқаев облыс әкімдері, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдерімен болған кездесуде.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дің белсенді пайдаланушысы.