Мәлік Отарбаев жаңа қызметке тағайындалды
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері Мәлік Нұржанұлы Отарбаев - Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры болып тағайындалды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Мәлік Нұржанұлы осыған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ТҮРКСОЙ-дағы өкілі, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде дипломаты, Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
«Ойқазан», «Бір қайыры бар дүие» әдеби-философиялық ойтолғауы жарық көрген. «Баянды бақ» пьесасы Атырау облыстық Махамбет атындағы драмалық театрында, Түркияның бірнеше қаласында сахналанды.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Свет и тень», Сүйінбай Аронұлы, О.Сүлейменовтің өлеңдерін, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», Н.Оразалиннің «Қоздағы шоқ», Т.Медетбектің «Соңғы сөз алдындағы соңғы сөз», Ұ.Есдәулеттің «Жырлар», Р.Отарбаевтың «Ақ көбелектер», Н.Ораздың «Адасқан жұлдыз», Т.Нұрмағамбетовтың «Біз – түріктерміз» пьесасы, А.Кемелбаеваның «Мың тасбақа» пьесасы, Ғ.Мұтановтың «Уақыттың рухымен сырласу» поэтикалық эссе жинағын түрік тіліне аударған. Сонымен қатар, Б.Шаханов, М.Байғұт, С.Елубай, Н.Дәутайұлы, Н.Қапалбекұлы, Д.Әшімханұлы, Н.Ақыш, Ж.Шаштайұлы, Т.Сәукетай, Е.Айғалиұлы, Қ.Түменбай, Р.Отарбаев, М.Ізімұлы, К.Сәттібаев, Қ.Сәрсенбай, С.Дүйсенбиев, С.Хасан, Н.Ораз, Ж.Шағатай, Ж.Қорғасбек, А.Алтай, Р.Мұқанова, А.Кемелбаева, С.Нұғыман, Г.Шойбекованың әңгімелері қамтылған «Хүзүн Кушағы» (Сырлас буын) антологиясын түрік тіліне аударды. Юнус Әмре, Х.Токак, Х.Танер, С.Пашазаде Сезаи, О.Сейфеттин, Р.Халит Карай, Р.Нұри Гүнтекин, Р.Ылгаз, К.Кондук, М.Изгю, М.Кутлуның әңгімелерін қазақ тілінде сөйлетті.
Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романы, «Т.Әбдіктің өмірбаяны мен әңгімелер жинағы», С.Елубайдың «Ақ боз үй», М.Байғұттың «Дауыстың түсі», Б.Нұржекеұлының «Бір өкініш, бір үміт»,
А.Аширидің «Идикут», Н.Қапалбекұлының «Құс қанаты» әңгімелер жинағын түрік оқырмандарына тарту етті.
Түркияда ай сайын шығатын «Кардеш калемлер» журналына Сүйінбай, Жамбыл, Б.Соқпақбаев, Ш.Мұртаза, О.Сүлейменов, Н.Оразалин, Р.Отарбаев туралы материалдар ұсынды.
Түрік тілінде жазған көркем әңгімелері шетелдік және республикалық баспасөз беттерінде жарық көріп тұрады. Шығармалары әзербайжан, орыс, қырғыз тілдеріне аударылған.
«Ақ Жайық» журналының Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың және «Жалын» журналының Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері.
С.Аронұлының 200 жылдық мерейтойлық медалімен, қырғыз композиторы Ж.Шералиевтің 100 жылдық естелік медалімен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 80 жылдық медалімен, ҚХА-ның «Бірлік» алтын медалімен марапатталған.
Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.