«Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басшысы академик болып сайланды
Түбі бір түркі дүниесінің түгел болуына бар күш-жігерімен үлес қосып келе жатқан белгілі ғалым, көрнекті публицист, "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" АҚ басқарма төрағасы және Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Қазақ ғылымының кең арнасын салып, іргесін бүтіндеп берген Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды арда ұлдардың қолтаңбасы қалған Ғылым академиясының жоғары ғылыми дәрежесіне ие болу еліміздің бас басылымына да мәртебе деп білеміз.
Дархан Қуандықұлы – Қазақстанның, Қырғызстанның, Түркияның бірқатар беделді жоғары оқу орнының құрметті профессоры. Әзербайжан, Моңғолия Ұлттық ғылым академияларының құрметті докторы. Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының ұйымдастырушысы әрі басшысы. Бірнеше танымдық кітаптың авторы. Халықаралық ғылыми экспедициялық жұмыстардың жетекшісі. Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрген ой-толғамдары мен мақалалары сол айтулы жобалардың тұжырымы іспетті.
Дархан Қуандықұлын іргелі ғылымдағы биік белесімен құттықтай отырып, шығармашылық жолындағы еңбегіне толайым табыс тілейміз!