Инвестициялық жобалар жемісін беруде
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең алғашқы өткізген Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіптік салаға инвестиция тарту бойынша тиімді жұмысты жолға қою міндетін белгілеген болатын. Қазақстанды инвестиция саласында тек жаһандық деңгейде ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия өңірінде де салмақты бәсекелестік күтуде екенін айта келе Президент мемлекетіміз әрдайым биік тұғырынан көріне білуі керектігін атады. «Тұғырдан таюға жол бере алмаймыз. Біз тек ілгері қозғалуымыз қажет. Мен әкімдерге қайырыламын: сіздер өңірлерге инвестиция тартуға міндеттісіздер», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл тапсырма Түркістан облысында қалай орындалуда?
Түркістан облысы стратегиялық маңызды әрі, бизнесті жүргізіп, инвесторлардың құқықтарын қорғау мен ынталандыру үшін де қолайлы аймақ және бұл бағытта бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған. Биыл бірінші тоқсанда өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 2,6 млрд теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 185,9% құрап отыр. Сондай-ақ, сыртқы инвестициялардың айтарлықтай өсуі байқалады, яғни өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 87% - ға жоғары. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы 1-тоқсанда облыстың негізгі капиталына 56,8 млрд теңге бағытталған. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен 141,3% -ға жоғары.
Қазіргі уақытта "Turkistan Invest" қызмет көрсету орталығы облыстың экономикасына инвестиция салуға шешім қабылдаған шетелдіктер үшін инвесторлық визаларды рәсімдеуге көмек көрсетуде. Мысалы, 2020 жылдың 1-ші тоқсанында "Turkistan Invest" компаниясымен бірге жалпы құны 23,18 млрд теңге болатын 7 жоба, оның ішінде 1,7 млрд теңге сомасына 5 жоба өнеркәсіп саласында, 21,5 млрд теңге сомасына 2 жоба энергетика саласында жүзеге асырылды. Соның арқасында 197 жұмыс орны ашылды. Жалпы биыл өңірде 397,7 млрд теңге болатын 97 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Яғни 5 508 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен жалпы сомасы 268,8 млрд теңге болатын 14 жоба аясында 2 660 жұмыс орны құрылады. Жоспарланған жобалардың басым бағыттары ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, "Жасыл экономика", химия өнеркәсібі және әлеуметтік нысандар құрылысы аталуда.
Агроөнеркәсіптік кешен саласына тоқталар болсақ, "Ecoinvest" ЖШС жобасының I кезеңі, яғни, 21 гектар жылыжай кешенінің құрылысы аяқталу сатысында. «Cottonex» (Польша) компаниялар тобы Түркістан облысының Сайрам ауданында жоғары технологиялық жылыжай кешенін салудың ауқымды жобасын іске асыруға 2017 жылы кіріскен болатын. Инвестицияның жалпы көлемі – 11,3 млрд теңге және 200-ден астам жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, "Эко Культура" АӨХ жобасы аясында 500 гектар жылыжай кешендерінің құрылысы басталды. Ресей компаниясы 2020-2025 жылдарға жоспарланған жобаны Келес ауданында жүзеге асыруда. Орталық Азияда іргелі жобаға салынған инвестиция көлемі шамамен 600 млрд теңге болады. Қазіргі уақытта компания бірінші кезеңін іске асыру бойынша 50 гектар жобалау жұмыстарын жүргізуде. Өңірде диқандардың өнімін сақтауға мүмкіндік беретін жобаларға да ерекше мән берілуде. Бұл орайда бақша дақылдары мен жемістерді сақтау және өнеркәсіптік өңдеу бойынша агроөнеркәсіптік кешен құрылысын "Тан Сари Трейдинг А" ЖШС-ы қолға алған. Жоба 2020 - 2021 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Инвестиция сомасы – 1,7 млрд теңге. Өңдеу кешені толық іске қосылған соң өнімдерін ТМД және ЕО елдеріне экспорттау жоспарланған.
Жасыл экономика, яғни баламалы қуат көздерін іске қосу бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Мысалы, энергия көздері саласында "ЮКСЭС" ЖШС (Risen Energy, Қытай) шетелдік инвестордың қатысуымен жаңа жобаны жүзеге асырды. Инвестиция сомасы – 19 млрд теңге. "Risen Energy" компаниясы «ЮКСЭС» ЖШС-мен бірлесіп Созақ ауданында 125 гектар аумақта қуаты 50 МВт күн электр станциясын іске қосты. Шетелдік компаниялардың қатысуымен алдағы уақытта іске асырылатын басқа да жобалар бар. Нақтырақ атасақ, "ARM Wind" ЖШС (Италия) – Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында қуаты 50 мВт күн электр станциясының құрылысын жүргізуде. Инвестиция сомасы – 12,5 млрд теңге. Аталмыш компания еліміздегі ірі шетелдік инвестор болып табылатын ENI (Италия) Халықаралық энергетикалық компаниясының еншілес ұйымы. Күн электр станциясы облыс орталығына іргелес Кентауда да салына бастады. Қуаты 110 мВт күн электр станциясының құрылысын "KZT Solar" ЖШС және "Hevel Kazakhstan" ЖШС-ы жүргізуде. Іске асыру 2020-2021 жылдарға белгіленген жобаның инвестициялық құны – 32,2 млрд теңге.
Сондай-ақ, Ордабасы ауданында химия өнеркәсібі саласында "Standart Petroleum & Co" ЖШС көмір-химия комбинатының құрылысын жүргізуде. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 95 млрд теңге. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқан комбинаттың I кезеңін іске қосу 2020 жылдың соңына, II кезеңі - 2021 жылға жоспарланған. Мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Ал көкжидек өсірумен айналысатын "Loy Almaty" ЖШС-ның қазақ-грузин бірлескен кәсіпорны өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге үлес қоспақ. Өндірістік қуаты жылына 13 мың тонна болатын жоба аясында облыс экономикасына шамамен 10 млрд теңге инвестиция салынып, 250 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жобаны іске қосу Арыс қаласы маңындағы Байырқұм ауылында ағымдағы жылдың күзіне жоспарланған. Сонымен қатар, өңірде әлеуметтік салаларға инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл орайда халықты сапалы ауызсумен қамту мақсатында "Turkistan Invest" күшімен "Professional Mechanics" түрік компаниясы суды тазарту бойынша блоктық-модульдік станцияларды өндіруге тартылды. Осы жоба аясында 1 млрд теңгеден астам қаражат тарту және 50-ге жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Тағы бір түрік компаниясы, яғни "Asya Modern Sera" Келес ауданында голландтық технология бойынша ауданы 20 гектар өнеркәсіптік жылыжай салуды және 300 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – 8,8 млрд теңге. Ал, "YDA Insaat" түрік компаниясы Түркістан қаласында халықаралық әуежай салуда. Инвестиция сомасы – 78,8 млрд теңге, 1500 жұмыс орны ашылады. Жобаны іске қосу 2020 жылдың соңына жоспарланған.
Инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашып, ел тұрмысын жақсарта түсу мақсатындағы жобалардың тағы бір тобы экспортты ұлғайтуға мүдделі. Бұл орайда облыста 2020-2021 жылдары экспортқа бағытталған 4 кәсіпорынды іске қосу көзделіп отыр. Нақтырақ айтсақ, "Тұлпар Май" ЖШС-ының жылына 6 600 тонна мақта майын өндіретін, инвестиция сомасы 3,4 млрд теңгелік жобасы, "JID&COM" ЖШС-ының қуаты жылына 400 тонна бақша және жеміс-жидек өнімдерін терең өңдеу зауыты (инвестиция сомасы 0,2 млрд теңге), "Ecoinvest" ЖШС-ының жылына 16 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру (инвестиция сомасы 6,8 млрд теңге), сондай-ақ "Standart Petroleum & Co" ЖШС-ының көмір-химия комбинаты (инвестиция сомасы 24 млрд теңге) жобасы жүзеге асырылмақ.
Өңірде сондай-ақ экспортқа бағдарланған "Standard Petroleum" ЖШС мұнай өңдеу зауыты бой көтереді. Жаңа зауытты Ордабасы ауданында 2021 жылы іске қосу жоспарланған. Экспорт көлемі жылына 2 млн АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. Жалпы құны 95 млрд теңге болатын жоба аясында мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі істер. Ал қазіргі уақытта өңірде сыртқы сауда экспорты тоқтаған жоқ. Коронавирус көкөніс экспортына өз кесірін тигізгені жасырын емес, дегенмен уран, ұн, трансформаторлар мен балық өнімдері және күркетауық еті негізгі шикізаттық емес экспортталатын тауарлар ретінде аталуда. Өңірдегі тауарөндірушілердің экспортын ілгерілету мақсатында құрылған "Turkistan Invest" қызмет көрсету орталығының көмегімен көлік қызметтеріне, шетелдік көрмелерге қатысуға және тауарды шетелде жарнамалауға жұмсалған шығындарды өтеу үшін "QazIndustry "СОО" АҚ - на облыстың 18 экспорттаушы компаниясы өтінім берген. ІІ аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында қол қойылған Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы кәсіпорындары арасындағы жалпы сомасы 50 млн АҚШ долларын құрайтын 3 экспорттық келісімнің де қосар үлесі қомақты болмақ.