Өзбекстан Сардобаны Қазақстанның келісімінсіз салған
Бүгін Шымкент қаласында Қазақстанның Экология, геология және су шаруашылығы министрі М.Мырзағалиев, Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Ш.Хамраевпен кездесіп, екі ел арасындағы бірқатар мәселелерді талқылады деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Не мәселе екендігі айтпаса да түсінікті. Алдын ала белгілі болған мәліметтерге қарағанда, қос министрліктің өкілдерінен құралған топ Сардоба су қоймасының келешегіне қатысты мәселені талқыламақ. Сонымен бірге отырыстың күн тәртібінде Өзбекстанның Піскем және Чаткал өзендерінің бойынан ГЭС салу мәселесі де қаралмақ.
Жиын басталғаннан кейін екі елдің министрлері сөз алып, барлық мәселені ортақ түсіністікпен шешуге мүдделі екендіктерін білдірді. Бұдан әрі жиын журналистердің қатысуынсыз, жабық есік жағдайында жалғасты.
Ақпарат құралдарына сұхбат берген Экология, геология және су шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның Сардоба су қоймасының келешегіне қатысты ұстанымы нақты емес.
- Біз бүгін өзбектердің осыған қатысты жоспарларын тыңдаймыз. Осыдан кейін шешім қабылдайтын боламыз, - деді вице-министр.
- Өзбекстан Сардобаны салу үшін Қазақстанның келісімін алды ма? - деген сауалға ол:
- Су қоймасының келісімді алмастан салынғанын ақпарат құралдарынан естіген шығарсыздар. Негізі халықаралық шарттарда келісім алу қажет деп айтып жатырмыз. Бірақ болар іс болды. Сардобаның келешегіне қатысты мәселені бүгін талқылаймыз, - деді вице-министр.
Нысанбаевтың айтуынша, қазір Шардара су қоймасына, Достық каналына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.