Алматы сары аймаққа өтті
04-07-2022
"Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында Айкөркем Кусенова коронавирус індетінен қалай жазылғанын айтып берді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. Сұхбат барысында Айкөркем коронавирус ойдан шығарылған індет емес екенін, өте қауіпті екенін мәлімдеді.
Атыраулық Айкөркем Кусесова Канаданың Ванкувер қаласындағы Саймон Фрейзер университетінде оқиды. Жаһан жұртының үрейін ұшырған коронавирус инфекциясына байланысты университеттегі оқу онлайн форматқа көшіріліпті.
– Содан елге оралуға жиналдық. Университет билет алып берді. Атырауға Амстердам арқылы ұшатын рейспен келген бойда оқшауландық. Біздің рейстегі бір жолаушының анализінен коронавирус инфекциясы расталды. Сөйтіп, бізді де 14 күн карантинге, яғни Атыраудағы провизорлық стационарға жатқызды. Шынымды айтсам, бастапқыда менде инфекция симптомы болған жоқ. Карантинде өзімді жақсы сезініп жүрдім. Дене қызуым көтерілмеді. Карантин мерзімі өткен соң, үйге барамын деген үмітім бар еді. Бірақ, дәрігерлер менен де вирустың табылғанын хабарлады, – дейді ол.
Әрине, аурудың қай-қайсысы да адамға уайым тудырады ғой. Ал мынадай қауіпті індетке шалдығу туралы есту, тіптен қорқынышты екені рас. Індеттің шеңгеліне ілінгенін естігенде Айкөркем де қатты жылады. Біреу сенер, біреу сенбес, дәл сол сәтте болашағы бұлыңғыр тартып бара жатқандай еді.
– Бұл күн менің есімде мәңгі сақталатын болар. Есімнен шығара алар емеспін. Бұл – 8 сәуір. Дәл осы күні менде қауіпті індеттің белгісі анықталды. Сол күні Атыраудағы №2 инфекциялық ауруханаға түстім. Ойыма не келіп, не шықпады дейсіз. Әрі-сәрі күйге түстім. Үйдегілерге телефонмен үздіксіз хабарласып, «Енді не істеймін?» деген сұрақты қайта-қайта қоя бердім, – дейді Айкөркем Кусесова.
Инфекциялық ауруханадағы алғашқы күнін уайыммен өткізді. Дәрігерлер ауруханаға жатқан сәттен бастап күніне екі мезгіл қабылдайтын екі дәрі берді. Бұл – коронавируспен күресіп жатқан әлем медицинасы қолданған дәрілер. Дәрі қабылдаған соң, бастапқыда асқазаны ауырған. Кейін аузына ащы дәм келетін болды. Үрей мен қорқынышқа бой алдыра бастады. Тоғыз күннен кейін денесінде бөртпе пайда болды. Сондай сәтте психологиялық, моральдық демеуін көрсеткен дәрігер Жантөре Орысбаева өмір сүруге деген үмітін оятты.
– Менімен бірге палатада үш адам жатты. Олардың бірін құрғақ жөтел қысып, қатты қиналды. Енді бірі дәмді де, иісті те мүлдем сезбеді, – деп ауруханадағы күндерін мұңая еске алады ол.
Дәрігерлерге ешқандай өкпесі жоқ. Өйткені, олар күн сайын науқастарды балаша мәпеледі. Қал-жағдайын сұрады. Таңмен берілетін дәрілерді қабылдауын қадағалады. Дене қызуын өлшеді. Таңертеңгі сағат 10:00 шамасында дәрігерлер жағдайын тексереді.
– Бізді дәрігерлер дәрімен ғана емес, жылы сөзімен де емдеп шығарды. Дәрігердің жылы сөзі де таптырмас ем. Мен секілді біраз адамның қауіпті індеттен жазылуына бар ынтасымен еңбектенген Жантөре Орысбаева, Салтанат Қайырова, Нұрфия Қизатова, Әсия Сидешова, өзге де медицина қызметкерлерінің соңғы науқас сауыққанша ауруханадан шықпаймыз деген адалдығына ризамын. Дәрігерлерге арнайы қорғаныш киімімен жүру де, отбасына бармай жұмыс істеу де оңай емес, – деп ағынан жарылды студент. – Ауруханадан шыққан күні қуанышымда шек болған жоқ. Себебі, әлемде бұл індеттің құрбаны болып жатқандар көп ғой. Бастапқыда «осы індетті жеңіп шықсам» деген арманым болды. Сол арманыма медицина қызметкерлерінің қолдауымен қол жеткізгеніме қуандым.
Ауруханадан үйіне жеткенше, көп адамның көшеде алаңсыз жүргеніне қынжылды. Жалпы, әр адам өз басынан өткізбей, қауіп-қатердің не екенін сезінбейді ғой.
– Қазір көпшіліктің арасында «вирус жоқ, ауруханаға жатып шығу үшін ақша төлеп жатыр» деген алыпқашпа әңгімелер тарады. Бірақ, сондай әңгімелерді таратып жүргендер де, соған сенетіндер де қатты қателеседі. Өйткені, коронавирус – ойыншық емес. Бұл – өте қауіпті індет. Коронавирус біздің арамызда жүр. Сондықтан, дәрігерлер ұсынған сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн. Баршаға айтарым, өзіңіздің, отбасыңыздың, барша адамзаттың амандығын ойласаңыз, тәртіпке бағыныңыз. Тағы да қайталап айтайын, сақтық шараларын сақтап, бей-берекет жүруді доғару керек, – дейді Айкөркем Кусесова.
Енді ол дәрігерлердің берген кеңесін сақтауға бекініп отыр. Үйінде 21 күндік карантинде болады. Мекенжайы бойынша тіркелген емханадағы эпидемиолог-дәрігерге күн сайын денсаулығы туралы хабарлап, видео жібереді. Карантин мерзімі аяқталған соң, қайтадан анализ тапсырады. Бәрі де жақсы боларына сенеді.