Елімізде 100 жастағы әже коронавирусты жеңді (видео)
Ақмола облысының тұрғыны Полина Силина коронавирусты жеңіп, ауруханадан шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
- "Аршалы аудандық ауруханасының дәрігерлері "Шапағат" арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының (қарттар үйі) қамқорлығындағы қарттармен, оның ішінде мамыр айының басында 100 жасқа толатын Силина Полина Алексеевнамен қоштасты. Ол COVID-19 коронавирусынан толықтай айықты", - деді денсаулық сақтау министрлігі.
Өз кезегінде, бір ғасыр жасаған қарт әжей дәрігерлерге алғысын айтты.
- "Рақмет, қымбаттыларым! Бәріне рақмет! Мен сендерді әрдайым есімде сақтаймын, сендер үшін әрдайым дұға етемін!" - деді ол.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл жағдай басқа сырқаттарды емдеу үшін үлгі болып қана қоймай, сонымен қатар медицина қызметкерлерінің қарт және жағдайы ауыр пациенттерді емдеуге болады деген сенімін нығайтады.