Жаңажылдық ойыншықтарды қалай таңдау керек?

Oinet.kz 21-12-2018 779

Screenshot_32.jpg

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті балаларға арналған жаңажылдық сыйлықтар мен ойыншықтарды таңдау бойынша ата-аналарға кеңес берді.

«Ойыншық – бала өмірінің ажырамас серігі. Алайда, ата-аналар көп жағдайда зиянсыз көрінетін ойыншықтардан қаншалықты қауіп барын аңғара бермеуі ықтимал. Бүгінгі таңда қаптамасында қазақ және орыс тілінде маркасы жоқ, жарқын түсті әрі жағымсыз иісі бар ойыншықтарды жиі кездестіруіңіз мүмкін. Мұндай ойыншықтардың қайда өндірілгенін табу мүмкін емес десе де болады. Осы себепті ойыншықтарды таңдауға келгенде өте жауапты болу керек. Ең бастысы, ойыншықтар балалардың денсаулығына зиян келтірмеуі тиіс», делінген комитеттің хабарламасында.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ойыншықтарды таңдау барысында келесі кеңестерге құлақ асуды сұрайды. Ең алдымен, маркадағы жазуды оқуыңыз керек. Ол жазу толыққанды, сенімді, нақты болуы тиіс әрі оңай оқылуы қажет. Маркада ойыншықтың атауы, шығарылған ел, атауы мен өндірушінің мекенжайы, импортеры, олармен байланысқа шығу ақпараттары, өндірушінің тауарлы белгісі, ойыншық немесе пиктограмма сай келетін бала жасы, негізгі құрылымды материал, ойыншықтарды баптап ұстау амалдары, шығарылған мерзімі (ай, жыл), қызмет ету мерзімі және жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары туралы мәліметтер жазылуы міндетті. 

Ойыншық әзірленген материал таза  болуы керек. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарда табиғи тері, былғары, әйнек, фарфор, түкті резеңке, картон және қағаз, өлшемі 3 мм болатын толтырылған түйіршік материалдарды қолдануға тыйым салынады. Ойыншықтың қорғанысты-декоративті жабындысы берік болуы қажет. Өткір әрі жағымсыз иіс болмауы тиіс. 

Тым ашық түсті болмауы керек. Ойыншықтың тым жарқын түсі баланың көру қабілеті мен жүйке-психикалық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. 

Дауысы қатты шығатын ойыншықтар баланың есту қабілетіне кері ықпалын тигізуі ықтимал. Тіпті балалардың шошыну ауруына әкелуі де мүмкін. Сондықтан дауысы жайлы әрі әуезді ойыншықтарды таңдап алған жөн. 

Сатып аларда ойыншықтарды мұқият қарап шығу қажет, барлық бекіткіштер мен байланыстырғыштарды тексеріп алыңыз. Ойыншық пен оның құрамдас бөліктері баланы тұншықтыруы мүмкін қосындылардан тұрмауы тиіс. Әрі кішкентай бала жұтып қоймайтындай ірі болғаны абзал. Ойыншықтар туралы мәліметте балаға қандай жаста ұсынылатыны жазылады. Егер «3 жастан бастап» деген белгі бар болса, онда ол ойыншықта өте кішкентай бөлшектер болуы мүмкін. Бала кейде саусақтарын тығып қызық көретіндіктен, ойыншықтың өткір жиектері және қиғаштары, тар саңылаулары болмауы тиіс. 

Сапа мен қауіпсіздікті растайтын құжатты (сәйкестік сертификатын) әрқашан сатушыдан сұраңыз. Олай болмаған жағдайда ойыншықтарды сатып алмаған абзал. Мамандандырылған дүкендердің арнайы сертификаты болады. Ондағы ойыншықтар Базарларда немесе белгісіз сауда орындарындағыдан әлдеқайда қауіпсіз. Оның үстіне сіз онда мамандардың дұрыс таңдау жасауға көмектесетін сараптамалық кеңесін ала аласыз. 

Сонымен қатар, жаңажылдық шыршаны безендіруге арналған ойыншықтар да белгілі бір талаптарға сай болуы қажет. Үйде сәби болмағанның өзінде балалардың ойыншық ұстаған қолын аузына салмайды деп ешкім де айта алмайды. Сондықтан олардың ең алдымен иісіне назар аударыңыз. Онда иіс болмауы тиіс. Ойыншықты ұстаған кезде қолдарыңызда бояу мен жылтырдың іздері бар-жоғын тексеріңіз, жұқпауы керек. Сынып қалмайтын, пластиктен жасалған ойыншықты сатып алыңыз. Өткір бұрыштары, инелері, желім қалдықтары болмағаны абзал.

Егер тұтынушылардың тәтті сыйлықтардың сапасы мен қауіпсіздігі туралы, сондай-ақ балалар киімі мен ойыншықтары туралы күмәні туса, комитетке және оның аумақтық бөлімшелеріне жазбаша түрде немесе 8(7172)74-27-04 телефон нөміріне, аймақтық бөлімдерге хабарласа алады. Аймақтық бөлімдердің нөмірлері kooz.dsm.gov.kz/ru сайтында көрсетілген.

Жанар Оспанова: «Халықтың медициналық сауатын арттырмай өлім-жітім азаймайды»
Елімізде 81 адам коронавирустан жазылып шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу